Әлеуметтік-экономикалық даму: Арыста әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды

Өткен жылы Арыс қаласында жалпы өңірлік өнім көлемі 59,2 млрд. теңгені құраса, бұл көрсеткіш биылғы жылдың 4 айында 13,9 млрд-қа жетіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда өсім 132,3 пайызды көрсетті. 2024 жылы бюджет түсімдері 6,6 млрд. теңге орындалды. Ал 2025 жылдың тиісті кезеңінде бюджет түсімдері 2,6 млрд. теңге орындалып, 167,8 пайызға артып отыр.
Былтыр өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,3 млрд теңгеге жетсе, 2025 жылдың 4 айында 4,4 млрд. теңгені құраса, құрылыс көлемі 7,6 млрд., сауда саласы 19,6 млрд теңгені, ал ауыл шаруашылығының өнім көлемі 21,6 млрд. теңгені құрап, 5,6%-ға артты.
Негізгі капиталға тартылған инвестиция 28,3 млрд. теңгеге орындалды. Өткен жылы 26,7 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы іске қосылса, биылғы жылы 4 айдың қорытындысымен 6,4 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы іске қосылды.
Одан өзге Арыс қаласында білім саласында бірқатар оңды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы Иван Журба мектебі жанынан 300 орындық қосымша оқу корпусы пайдалануға беріліп, мектептің жылу жүйесі толықтай табиғи газға ауыстырылды.Сонымен қатар, қала мен елді мекендердегі 3 мектеп пен 5 балабақшаға ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде қалада 600 орындық екі жаңа мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Оның бірі – Отырар тұрғын ауданында, екіншісі – Тараз тұрғын ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бой көтеруде.
Аталған білім ордалары биылғы жылы Білім күні қарсаңында ашылады деп жоспарлануда.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына жұмыс сапары барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму барысымен танысты. Сапар аясында өңір басшысы «Келешек мектептері» жобасы бойынша Тараз тұрғын ауданында салынып жатқан 600 орындық жаңа мектептің құрылыс жұмыстарын тексерді. Заманауи талаптарға сай салынған білім ордасында екі спорт залы, акт залы, асхана, коворкинг, кітапхана, мәжіліс залдары, пән кабинеттері мен шеберханалар, сондай-ақ ашық футбол алаңы қарастырылған.
Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігерлермен кездескен өңір басшысы нысанды жаңа оқу жылында пайдалануға тапсыруды және сапаға ерекше мән беруді тапсырды. Сонымен бірге мектепті білікті педагог кадрлармен қамтамасыз ету жөнінде нақты міндет жүктеді.
Жалпы, облыста «Келешек мектептері» жобасы аясында 29 мектеп салынуда, оның 13-і пайдалануға берілді, ал қалған 16 мектептің құрылысы биыл аяқталады.
Одан бөлек, Арыста мәдениет және спорт саласы бойынша да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Қала мен ауылдарда спорттық кешендер мен мәдениет үйлерінің саны жылдан жылға артып келеді.
Өткен жылы Қожатоғай елді мекенінде жаңа көпсалалы спорт залы салынып, пайдалануға берілді. Қазіргі таңда дәл осындай нысан Ақдала ауылында бой көтеріп, құрылысы аяқталуға жақын. Ал, биыл Байырқұм ауылдық округінде жаңа спорт залдың құрылысы басталды.
Жалпы, бұқаралық спортты дамыту және өнерлі өрендердің талантын ұштау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.
Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, өткен жылы Қожатоғай елді мекенінде жаңа дәрігерлік амбулатория, ал Атамекен елді мекенінде фельдшерлік-акушерлік тірек бой көтерді.
Биылғы жылы тұрғындар ұсысына сәйкес мүгедектіктің алдын алу мақсатында оңалту орталығын ашуды жоспарлап отырмыз. Қажетті құрылғыларды сатып алу үшін қала бюджетінен 57,0 млн. теңге қаралды.