Түркістан: Арыстың әлеуметік-экономикалық әлеуеті жоғары

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Арыс қаласына жұмыс сапарымен барып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арналған жиын өткізді. Мәжілісте өңір басшысы мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы мен алдағы жоспарлар бойынша нақты көрсеткіштерді саралап, жауапты сала жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Облыс басшысы өз сөзінде: Арыстың әлеуеті жоғары. Орналасқан орны экономиканы, сауданы, өндірісті дамытуға өте қолайлы. Инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру керек. Ол үшін барлық мүмкіндік бар. Экономиканы әртараптандыру және жергілікті жобаларды іске асыру – бұл стратегиялық міндет. Тәуелділіктен арылуды жолдарын арттыру керек. Ауыл шаруашылығы, көтерме және бөлшек сауда, сондай-ақ қызметтердің басқа түрлерін ұсыну салаларынан салық тиісті деңгейде өндірілуі керек. Бұл бойынша кірістер басқармасымен бірлескен жұмыстарды күшейту қажет. Инфрақұрылымды әрі қарай дамыту керек. Арыс қаласының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасау қажет. Ол үшін бәріміз бірлесе жұмыс істеуіміз керек, – деді Нұралхан Көшеров.
Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев қаладағы жұмыстар жөнінде есеп беріп, іске асып жатқан жобалар мен өзекті мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар, облыстық басқарма басшылары да пікір білдіріп, қаланың инфрақұрылымын жақсарту, өндірісті, ауыл шаруашылығын, туризмді дамыту бойынша ұсыныстарын жеткізді.
Өткен жылы Арыста жалпы өңірлік өнім көлемі 59,2 млрд. теңгені құраса, бұл көрсеткіш биылғы жылдың 4 айында 13,9 млрд-қа жетіп, тиісті кезеңмен салыстырғанда өсім 132,3 пайызды көрсетті.
Өткен жылы бюджет түсімдері 6,6 млрд. теңге орындалды. Ал 2025 жылдың тиісті кезеңінде бюджет түсімдері 2,6 млрд. теңге орындалып, 167,8 пайызға артып отыр. 2024 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 10,3 млрд теңгеге жетсе, 2025 жылдың 4 айында 4,4 млрд. теңгені құрады. Ал былтыр құрылыс көлемі 7,6 млрд., сауда саласы 19,6 млрд теңгені, ал ауыл шаруашылығының өнім көлемі 21,6 млрд. теңгені құрап, 5,6%-ға артты. Негізгі капиталға тартылған инвестиция 28,3 млрд. теңгеге орындалды. Өткен жылы 26,7 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы іске қосылса, биылғы жылы 4 айдың қорытындысымен 6,4 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы іске қосылды. Енді 2024 жылы жүзеге асырылған инвестициялық жобалар мен биыл қолға алынатын табысты бастамаларға тоқталып өтсем.
Өткен 2024 жылы өнеркәсіп өнімдерін арттыру мақсатында жалпы құны 15 млрд. теңгені құрайтын 22 инвестициялық жобалар іске асырылып, 593 жұмыс орны құрылды.
Ал, биылғы жылы жалпы құны 29,5 млрд теңгені құрайтын 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Аталған жобалар аясында 400-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров мемлекеттік бағдарламаларды тиімді жүзеге асыру, инвестиция тарту және жұмыс орындарын көбейту бағытында жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді. Сапар аясында Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бірқатар кәсіпкерлік нысандарды аралады. Кәсіп иелерімен кездесіп, жұмыс барысымен танысты.