Түркістан: Сот медиация тәртібімен ЖШС-нің құқығын қалпына келтірді

Түркістан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотында «Х» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Кентау қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесіне қатысты және мүдделі тұлғалар ретінде тіркелген бірнеше ұйымдарға конкурс нәтижесіне берілген шағымы қаралды.
Іс материалдарына сәйкес, талап қоюшы 2025 жылғы 3 сәуірде өткізілген мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысқанымен, заңсыз түрде конкурсқа жіберілмеген. Себеп ретінде техникалық қадағалау қызметін жүзеге асыру үшін қажетті рұқсаттың (хабарламаның) болмауы көрсетілген. Алайда, сотта бұл себептің негізсіз екені және талапкердің конкурстық талаптарға сәйкес келгені анықталды.
Сот отырысы барысында тараптар дауды медиация тәртібімен шешуге келісті. Медиациялық келісім нәтижесінде талапкердің құқығы қалпына келтіріліп, тараптар өзара келісімге келді.
Алдын ала тыңдауда тараптар аталған дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісімге келген, ал мүдделі тұлғалардың өкілдері конкурсты қайта қарауға қарсы еместігін білдірген.
Қаржы министрінің 2024 жылғы 9 қазандағы №687 бұйрығының 594-тармағына сай Жауапкер конкурстың (аукционның) қорытындыларын қайта қарауға құқылы және оның құзыретіне кіретінін назарға алды.
Соттың дауды (жанжалды) медиациялық реттеу тәртібімен реттеу туралы келісім 2025 жылғы 5 мамырдағы ұйғарымымен:
Жауапкер қорытынды туралы хаттаманың күшін жойып, «Х» ЖШС-н конкурсқа жіберіп, конкурс қорытындысын қайта қарауды міндеттеді.
Талап қоюшы жауапкердің шартын қабылдап, талабын кері қайтарды.
Ұйғарым заңды күшіне енді.