Түркістанда ескі мектептер жаңартылуда: 11 білім ұясы реновациядан өтеді

0
71

Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны жоғары. Соның ішінде білім, денсаулық, мәдениет және спорт саласындағы нысандардың құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр. Нысандардың инфрақұрылымын жақсарту арқылы халықтың өмір сүру сапасын арттыру көзделуде.

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев облыс орталығындағы реновациядан өтіп жатқан мектептерді аралап, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. 2025-2027 жылдар аралығында өңірде 115 білім беру мекемесін жаңғырту жоспары бекітілсе, соның ішінде Түркістан қаласында ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген 11 мектеп таңдалып алынды. Қазіргі таңда қаладағы 4 мектепте күрделі жөндеу қызу жүріп жатыр. Атап айтқанда,  Ататүрік атындағы №17 мектеп-гимназиясындағы құрылыс барысымен танысты. Мұнда 1800-ден астам оқушы оқиды. Ғимарат 1989 жылы ашылған. Ал 1966 жылы теміржолшыларға арнап бой көтерген №31 Абай атындағы мектеп жөндеуден өтуде. Игілікті іс Абайдың 180 жылдығымен тұспа-тұс тура келіп, мектеп ұжымы мен 1 мыңнан аса оқушы жаңарған білім ұясына қадам баспақ. 530 орындық №7 С.Ерубаев атындағы мектеп-интернаты мен 1050 орындық №9 Н.Некрасов мектеп-гимназиясында да жөндеу қарқын алды. Мектептер жаңғырту барысында жөндеуден бөлек, материалдық-техникалық базамен қамтылады. Қажет қаражат қарастырылған. Қалада 55 мыңнан астам оқушы болса, төрт мектептегі бала саны – 7 мыңдай.

Мектептер жаңғырту барысында заманауи талаптарға сай материалдық-техникалық базамен де қамтамасыз етіледі. Құрылыс жұмыстарына қажетті қаржы қарастырылған.

Облыс әкімінің орынбасары мердігер мекемелерге нақты тапсырмалар беріп, сапа мен мерзімге аса мән беру қажеттігін ескертті. Құрылыс жаңа оқу жылына дейін аяқталып, оқушылар заманауи әрі қауіпсіз ортада білім алуы тиіс.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу