Түркістан облысының экономикасы жоғары қарқынмен өсіп жатыр

Түркістан облысының экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Өңірдің негізгі әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қысқа мерзімді экономикалық өсім 120,4%-ды құрады. Осылайша, 2025 жылдың алғашқы 5 айының қорытындысы бойынша Түркістан өңірі қысқа мерзімді экономикалық өсім көрсеткішімен ел бойынша көш бастады.
Облыс экономикасының өсімі, негізінен, тау-кен, өңдеу, уран өндірістері, құрылыс индустриясы мен ауыл шаруашылығы саласындағы ілгерілеу есебінен орын алды.
5 ай көлемінде Түркістан облысындағы өнеркәсіп өнім көлемі 593,0 млрд. теңгені құрап, 14,8%-ға артты. Бекітілген жоспар 105,5%-ға орындалды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібінің үлесінде – 280,4 млрд. теңге болса, тау-кен өнеркәсібіндегі өндірілген өнім көлемі 259,6 млрд. теңгені құрады.
Ауыл шаруашылығындағы өндірілген өнім бойынша облыс республикада жоғарғы көрсеткішке ие. Бұл салада өндірілген өнім көлемі 194,3 млрд. теңгені құрап, өсім 6,3%-ға артты.
Құрылыс жұмыстарының көлемі 117,4 млрд. теңгені құрап, өсім 1,4 есе артты. Жыл басынан пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 306,1 мың шаршы метрге жетіп, жоспар 125,5%-ға орындалды.
Сауда көлемі 269,7 млрд теңгеге жетіп, жоспар 1,6 есе асып орындалды. Көлік пен қоймалау қызметі 23,4%-ға өсіп, 209,3 млрд теңгеге жетті. Байланыс қызметі де 15,2%-ға өсіп, 4,9 млрд теңге болды.
Түркістан облысы – тұрақты даму жолындағы мүмкіндігі мол аймақ. Жоспарланған межеге қол жеткізу үшін тиісті жұмыстар жалғасын табады.