ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ АРМАН ОСПАНОВ ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДА ТАЗАЛЫҚ ШАРАСЫНА ҚАТЫСТЫ

Төлеби ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында сенбілік ұйымдастырылып, оған халықаралық дәрежедегі спортшы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Арман Оспанов қатысты.
Әлемдік ареналарда ел намысын қорғаған Арман Оспанов туған жері — Төлеби ауданына арнайы келіп, табиғатты таза ұстауға үндейтін игі бастамаға қолдау көрсетті.
Шараға аудан әкімі Еркеғали Әлімқұлов бастаған 100-ден астам мемлекеттік қызметші мен тұрғындар қатысты. Біркөлік демалыс аймағында өткен тазалық жұмыстары барысында 12 шақырым аумақ қоқыстан тазартылып, 6 техника көмегімен жиналған қалдықтар арнайы орындарға жеткізілді.
Сенбілік барысында өзен жағалаулары, жол жиегі және демалыс аумақтары ретке келтірілді. Қатысушылар табиғатты қорғау, қоршаған орта тазалығын сақтау – әр азаматтың міндеті екенін атап өтті.
Арман Оспанов жастарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға шақырып, мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді.