Түркістан мен Орталық Азия елдерімен экономикалық ынтымақтастық арта түспек

Облыс әкімдігінде Мақтаарал ауданы Атамекен кеден бекеті маңында жүзеге асырылуы жоспарланған «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығына қажетті инфрақұрылым желілерін жеткізу мәселесі және орталықтың әлеуеті талқыланды. Облыс әкіміне орталықта іске асырылатын бірқатар инвестициялық жобалар тізбесі таныстырылды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Аймақ басшысы орталықтың өңір экономикасы үшін стратегиялық жоба екенін айтып, жұмыс орындарын ашу мен кәсіпкерлікті дамытуға серпін беретінін жеткізді. Жауапты басқармаларға нақты тапсырмалар беріп, бақылаудың күшейтілетінін айтты.
– Бұл – өңіріміз үшін аса маңызды жоба. Жаңа жұмыс орындары ашылып, аймақтың экономикалық әлеуеті артып, кәсіпкерлік дами түседі. Сондықтан Мақтаарал ауданы әкімдігі мен жауапты басқармалар жұмысты жүйелі атқарулары тиіс. Тұрақты қадағаланады, жұмысты ширатыңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.
Жиналыста Облыстық энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев инфрақұрылым тарту мәселелері бойынша есеп берді. Өзге басқарма басшыларының да осы бастамаға қатысты есептері мен ұсыныстары тыңдалды.
«Орталық Азия» ХӨКО-ның іске асуы өңір экономикасына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етпек. Сонымен қатар бұл орталық аймақтың логистикалық әлеуетін арттырып, Орталық Азия елдері арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтатын ірі платформа болмақ.
Жоба жүзеге асқанда логистикалық торап ретінде Түркістан облысының рөлі артып, Орталық Азия елдерімен экономикалық ынтымақтастық тереңдей түспек.