Түркістан облыстық сотында кезекті семинар өтті

Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы сот тәжірибесін қараудағы кейбір мәселелер» тақырыбында семинар өтті.
Семинарға алқа судьялары, Түркістан қаласының ауданаралық сотының судьялары, Департамент басшысының орынбасары, Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері, қаржы басқарушылары, аудандық және оған теңестірілген соттардың төрағалары мен судьялары қатысты.
Семинарда сот жүйесінің қызметін және сот жүйесiндегi реформаларды оның қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық рәсімін қолдану туралы арыздарды қарау барысында туындайтын істің мән-жайлары мен даулы-құқықтық қатынастарды реттейтін Заң нормаларын, процестік мерзімдер мен сот тәжірибесінің сақталуын қамтамасыз ету жолдары талқыланды. Сондай-ақ қаржы басқарушыларының жұмысына теріс әсер ететін себептер мен жағдайларды анықтап, олармен жіберілетін жүйелі бұзушылықтарды (кемшіліктерді) жою сынды өзекті мәселелер айтылды.
Сонымен қатар ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қаржы министрінің «Қаржы басқарушысы қорытындыларының нысандарын бекіту туралы» 28.02.2023 жылғы №219 бұйрығымен бекітілген қорытынды нысанының қатаң сақталуын яғни қорытындыдағы мәліметтердің негізді әрі шынайы толтырылуына аса мән беру қажетті сөз болды.
Қаржы басқарушылары тарапынан жиі кездесетін кемшіліктер сараланып, оларды жою жолдары қарастырылды.
Семинар аясында қатысушылар өзара пікір алмасып, тәжірибе бөлісті. Одан бөлек жиында тұрақты түрде арызданушылардың, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттық рәсімін қолдану туралы іс қозғаудың салдары жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажеттігі баса айтылды.