
Айта кетейік, 2018 жылы 19 маусымда Түркістан облысын құру туралы Жарлыққа қол қойылды. Осы аз уақытта шаһар дамудың жаңа сатысына көтерілді. Түркістан қаласының халық саны соңғы 4 жылда 31,5%-ға артып, 2025 жылдың 1 қаңтарында 237503 адамды құрады. Облыс орталығы болғалы жалпы өңірлік өнім көлемі 4,5 есе өсіп, 2024 жылға 452,6 млрд теңгеге жеткен. Түркістан қаласында мемлекеттік бюджетке түсетін түсімнің көлемі 2,8 есе өсіп, 2023 жылы 66,2 млрд теңгеге жетсе, 2024 жылы 80,1 млрд теңге түсті. Оның ішінде салықтық түсімдер 2,3 есе өскен. Облыс орталығы болғалы қала бюджеті 3 есе өсіп, 147,2 млрд теңгеге жетті. Инвестиция көлемі жыл сайын өсуде. 2023 жылы 323,5 млрд теңге инвестиция тартылса, өткен жылы шаһарға 400,2 млрд теңге инвестиция тартылып, жұмыс қарқыны арта түсті. Арнайы экономикалық аймақ пен индустриалды аймақта маңызды жобалар жүзеге асырылып, зауыттар салынуда. Өнеркәсіптік өнім өндірісінің көлемінің көлемі соңғы үш жылда 1,7 есе өсіп, өткен жылы 34,8 млрд теңгені құрады.