ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: ЖЫЛЫЖАЙ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ЖӘНЕ АЗЫҚ-ТҮЛІК ҚАУІПСІЗДІГІНІҢ НЕГІЗГІ ТІРЕГІНЕ АЙНАЛЫП ОТЫР

Түркістан облысы жылыжай шаруашылығын дамыту бойынша еліміздегі жетекші агроөнеркәсіптік өңір ретінде қалыптасып отыр. Бүгінде республикадағы жылыжайлардың басым бөлігі, нақты айтқанда 72 пайызы осы өңірдің үлесіне тиесілі. Жалпы аумағы 1 006,7 гектарды құрайтын 3 366 жылыжай кешені жұмыс істеп тұр. Оның ішінде 62,5 гектар аумақта 17 өнеркәсіптік жылыжай және 944,2 гектарды қамтитын 3 503 фермерлік жылыжай бар.
Ауыл шаруашылығы саласының бұл бағыты өңірдің ғана емес, жалпы ел экономикасының тұрақтылығына тікелей ықпал етіп отыр. Былтыр Түркістан облысында 113 мың тонна көкөніс өнімі өндіріліп, маусымаралық кезеңде еліміздегі көкөніс сұранысының 45 пайызы қамтамасыз етілді. Бұл көрсеткіш өңірдің ішкі нарықты отандық өніммен тұрақты қамтамасыз етудегі стратегиялық рөлін айқындайды.
Жылыжай шаруашылықтарын қолдау мақсатында 2023 жылдан бастап мемлекет тарапынан бірқатар қолдау тетіктері іске асырылып келеді. Атап айтқанда, электр энергиясы, газ және көмір шығындарын ішінара субсидиялау жүзеге асырылуда. Өнеркәсіптік жылыжайларға әр гектарына 4,8 млн теңге, ал фермерлік жылыжайларға 8,1 млн теңге көлемінде қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар минералды тыңайтқыштарды субсидиялау, тұқым шаруашылығын дамыту, инвестициялық қолдау және жеңілдетілген несиелендіру шаралары жүйелі түрде жүргізілуде.
Соған қарамастан, сала қазіргі таңда бірқатар сыртқы және ішкі экономикалық қысымдарға тап болып отыр. Көршілес мемлекеттерде, атап айтқанда Өзбекстан, Түрікменстан және Иран елдерінде көкөніс өнімдерін өндіру құнының төмен болуы, сондай-ақ мемлекеттік қолдау тетіктерінің кеңінен қолданылуы ішкі нарықтағы баға бәсекелестігін айтарлықтай күшейтуде. Нәтижесінде, өндірістік шығындардың жоғары болуына байланысты отандық жылыжай шаруашылықтары импорттық өнімдермен тең дәрежеде бәсекеге түсе алмай, қызанақ өнімдерін өзіндік құнынан төмен бағамен сатуға мәжбүр болуда. Бұл жағдай жылыжай кәсіпорындарының қаржылық тұрақтылығына теріс әсер етіп, өндіріс көлемінің қысқаруына, инвестициялық белсенділіктің төмендеуіне және жұмыс орындарының азаюына қауіп төндіруде.
Сонымен бірге Түркістан облысы тек ауыл шаруашылығы емес, жалпы өңірлік экономиканың да қарқынды дамып келе жатқан орталығына айналған. Өңірде өнеркәсіп, инвестиция, экспорт және өңдеу салалары тұрақты өсім көрсетіп, жаңа өндірістер іске қосылуда. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар өңірдің жалпы ішкі өнімін арттыруға және халықтың әл-ауқатын көтеруге ықпал етуде.
Осы ретте Түркістан облысының жылыжай шаруашылықтары ішкі нарықты сапалы әрі қолжетімді өніммен қамтамасыз етуде маңызды әлеуметтік-экономикалық миссия атқарып отыр. Өңірдегі шаруалар маусымаралық кезеңде халық сұранысын толық өтеуге мүмкіндік беретін жоғары өндірістік әлеуетке ие.
Сонымен қатар Қазақстанның фермерлік жылыжайлар қауымдастығы мен өңірдегі шаруашылықтар әлеуметтік жауапкершілік аясында өзара меморандумға қол қойды. Келісім аясында олар маусымаралық кезеңде халықты көкөніс өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етуге, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеуге және ішкі нарықтағы тұрақтылықты сақтауға міндеттеме алды. Сондай-ақ, отандық өнімнің тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету бағытында бірлескен жүйелі жұмыстар жүргізуге дайын екендіктерін білдірді.
Осыған байланысты отандық тауар өндірушілерді қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін нығайту және өңірлік экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет деңгейінде бірқатар қосымша шараларды қарастыру ұсынылуда. Атап айтқанда, сәуір-маусым айлары аралығында үшінші елдерден, соның ішінде Өзбекстан, Иран және Түрікменстаннан импортталатын көкөніс өнімдеріне қатысты кедендік баж салығы мөлшерін арттыру, сондай-ақ маусымаралық кезеңде көкөніс өнімдерінің импортына сандық шектеулер (квота) енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды.
Жалпы бұл бастамалар ішкі нарықтағы баға тұрақтылығын сақтауға, отандық өндірісті қорғауға, жылыжай шаруашылықтарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Түркістан облысының агроөнеркәсіптік әлеуеті мен жылыжай саласының жүйелі дамуы алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік-экономикалық өсімінің маңызды драйверлерінің бірі бола бермек.






