ТҮРКІСТАН: ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАР ГҮЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ҚОЛҒА АЛУҒА НИЕТТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың Shaanxi Silk Road City Holding Group Co., Ltd. компаниясының бас директоры Юань Чжао Хуэймен және компанияның Қазақстандағы филиалының өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірде жылыжай кешендерін әртараптандыру, гүл шаруашылығын дамыту және көгалдандыру бағытындағы инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды. Тараптар жергілікті шаруалармен бірлесіп жұмыс істеу, өңірді көгалдандыруға қажетті гүлдер мен сәндік ағаш көшеттерін өсіру, сондай-ақ заманауи жылыжай технологияларын енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.
– Жақында Қытай еліне жұмыс сапарымен барып, бірқатар инвесторлармен келіссөздер жүргіздік. Бүгінде өзара әріптестік байланыстар нығайып келеді. Біз өңір экономикасына серпін беретін, жаңа жұмыс орындарын ашатын жобаларды қолдауға дайынбыз. Түркістан облысында жылыжай шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Өңірді көгалдандыруға қажетті гүлдер мен ағаш түрлерін өсіруді ұсынамын. Жергілікті шаруалармен байланыс орнатуға көмектесеміз. Сынақ кезеңі сәтті аяқталған жағдайда жобаны кеңейтуге қолдау көрсетіледі, – деді Нұралхан Көшеров.






