ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫНДА КӨПҚАБАТТЫ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

0
59

Түркістан қаласында тұрғындарды баспанамен қамту және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Осы орайда қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы құрылысы аяқталуға жақын «Жібек жолы» тұрғын үй кешеніне барып, құрылыс барысы мен сапасын тексерді.

Шаһар басшысы мердігер ұйым өкілдерімен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, тұрғын үйлердің заманауи талаптарға сай, қауіпсіз әрі қолайлы болуы тиіс екенін жеткізіп, құрылыс мерзімі мен сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

Жалпы аумағы 5,2 гектарды құрайтын кешенде 10 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 6 тұрғын үйдегі 512 пәтерді арендалық негізде халыққа беру жоспарланса, қалған 4 тұрғын үйдегі 432 пәтер «Отбасы банк» арқылы жеңілдетілген ипотекалық бағдарламамен тұрғындарға ұсынылады.

Аталған жоба Түркістан қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, халықтың баспанаға қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Соңғы жылдары шаһарда тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып, жаңа шағын аудандар мен заманауи тұрғын кешендер бой көтеруде. Бұл өз кезегінде қала инфрақұрылымын жаңғыртуға, инвестициялық тартымдылықты арттыруға және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізуде.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу