ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙЛЫҚТАР МЕРЕКЕНІ ТАЗАЛЫҚ ЖҰМЫСТАРЫМЕН БАСТАДЫ

Жетісай ауданында 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Тазалық жұмыстары аудан аумағындағы қала, кент және барлық ауылдық округтерде жүргізілді.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық тазалық шарасы аясында өткен сенбілікке мыңнан астам тұрғын қатысып, үйіргелік жерлер мен көшелерде бей-берекет жатқан қоқыс орындары, ауданның кіреберістері тазаланып, шөптері шабылды, қатты тұрмыстық қалдықтар жиналды.
Аталмыш тазалық жұмыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, жергілікті тұрғындар мен табиғат жанашырлары, аудан жастары мен 20-ға жуық арнайы техника жұмылдырылды.






