ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КЕҢЕЙІП, ӨНЕРКӘСІП ДАМУЫНА ЖАҢА СЕРПІН БЕРІЛУДЕ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров шетелдік инвесторлармен келіссөз жүргізіп, өңірдің инвестициялық және өндірістік әлеуетін таныстырды. Кездесу барысында тараптар бірлескен жобаларды іске асыру, жаңа өндірістерді дамыту және ұзақ мерзімді әріптестік орнату мәселелерін талқылады.
Өңір басшысы Түркістан облысының стратегиялық орналасуы, қолайлы инвестициялық ахуалы және дамып келе жатқан индустриялық инфрақұрылымы шетелдік капитал тартуға кең мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Түркістан – еліміздегі қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы оның стратегиялық маңызын арттырады. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық мемлекет басшылары деңгейінде айқындалған стратегиялық серіктестік негізінде дамып келеді. Бұл өз кезегінде өңірге жаңа инвестициялар тартуға жол ашады. Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп қатар дамып келе жатқан өңір. Әсіресе мақта саласы экономиканың негізгі драйверлерінің бірі. Соңғы жылдары өңірде жалпы құны 100 млрд теңгеден асатын бірқатар инвестициялық жобалар іске қосылып, жіп иіру, мақта өңдеу, тамшылатып суару жүйелерін шығару сияқты өндірістер жолға қойылды. Бұл бастамалар жеңіл өнеркәсіптің дамуына айтарлықтай серпін беріп отыр, – деді Нұралхан Көшеров.
Сондай-ақ өңірде инвестициялық жобаларды қолдау мақсатында «TURAN» арнайы экономикалық аймағы мен индустриялық аймақтар, шағын өнеркәсіптік парктер жүйесі қалыптасып, инвесторларға дайын инфрақұрылым ұсынылып отырғаны айтылды. Бұл өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдетіп, жаңа өндіріс орындарын ашуға және тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беруде.
Кездесу барысында шетелдік инвесторлар тоқыма өнеркәсібін дамытуға қызығушылық танытып, бірқатар бағыттар бойынша жобаларды іске асыруға ниетті екенін жеткізді. Атап айтқанда, тоқыма маталарын өндіру және өңдеу, киім тігу, үй текстилі, медициналық қорғаныс өнімдері, экологиялық және интеллектуалды тоқыма материалдарын шығару, сондай-ақ өндірісті энергетикалық және жылумен қамтамасыз ету жүйелерін дамыту жоспарланып отыр.
Жобалар аясында 500–700 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл өз кезегінде өңірдегі жұмыспен қамту деңгейін арттырып, халықтың табысын көбейтуге және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді.
Кездесу қорытындысында тараптар ұсынылған жобаларды жан-жақты зерделеп, нақтылау және өзара тиімді әріптестікті дамыту жөнінде уағдаласты.
Жалпы Түркістан облысында инвестиция тарту, жаңа өндірістер ашу және экспортқа бағытталған өнім өндіру бағытындағы жүйелі жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етудің негізгі тетігіне айналып отыр.






