Түркістанда 120 мың шаршы метрлік ірі аквапарк кешенінің құрылысы басталды

0
59

Түркістан қаласында заманауи аквапарк кешенінің құрылысы басталды. Ірі туристік жоба Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен шетелдік инвесторлар арасындағы келіссөздердің нәтижесінде жүзеге асырылуда. Жоба өңірдің туристік инфрақұрылымын кеңейтіп, ішкі және сыртқы туризмді дамытуға серпін бермек.

Жаңа демалыс кешені 120 мың шаршы метрден астам аумақты қамтиды. Жоба аясында су аттракциондары бар аквапарк аймағы, кемпинг форматындағы қонақ үй, қабылдау орталығы және банкет залы салу жоспарланған. Бұл нысан отбасылық туризмді дамытуға және Түркістанның туристік тартымдылығын арттыруға бағытталған.

Аквапарк кешенінің басты ерекшелігі – маусымдық икемді инфрақұрылым. Жаз мезгілінде су аттракциондары жұмыс істесе, қыс айларында аумақты картинг және қысқы демалыс алаңына бейімдеу көзделген. Сонымен қатар кешенде биік сырғанақтар, «торнадо» үлгісіндегі аттракциондар, аква-қамал, кемпірқосақ сырғанағы және балаларға арналған интерактивті ойын аймақтары қарастырылған.

Жобаның іске асуы өңір экономикасына да айтарлықтай оң әсерін тигізеді. Туризм және қызмет көрсету саласында жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына қосымша мүмкіндік қалыптасады. Сонымен қатар бұл кешен Түркістанға келетін туристер ағынын арттырып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтеді.

Айта кету керек, Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетіп келеді. Соңғы жылдары өңірде инвестиция тарту, жаңа өндіріс орындарын ашу, инфрақұрылымды дамыту және туризм саласын жаңғырту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар Түркістанды тек рухани орталық қана емес, сонымен қатар заманауи экономикасы дамыған өңір ретінде қалыптастыруға ықпал етуде.

Жалпы, өңірде қалыптасқан қолайлы инвестициялық климат пен жүйелі қолдау шаралары ірі жобалардың жүзеге асуына жол ашып, Түркістанның әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін беріп отыр.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу