Сот: Түркістан облысында баланың заңсыз әрекеті үшін ата-ана жауапкершілікке тартылды

Түркістан облыстық кәмелетке толмаған істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында кәмелетке толмаған баласының заңсыз әрекетіне жол берген ата-анаға қатысты әкімшілік іс қаралды.
Сот материалдарына сәйкес, Сарыағаш қаласының тұрғыны О. ата-аналық міндеттерін тиісті деңгейде атқармай, 15 жасар ұлының «Hyundai Accent» маркалы автокөлікті рұқсатсыз басқаруына жол берген. Жасөспірім 2025 жылғы 20 сәуір күні Самал шағынауданында полиция қызметкерлерінің талабына бағынбай, оқиға орнынан қашуға тырысқан.
Сот қаулысымен О. ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабының 3-бөлігі негізінде кінәлі деп танылып, оған 55 048 теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды. Қаулы заңды күшіне енді, айыппұл толықтай төленді.