ТҮРКІСТАНДА «ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ ЖӘНЕ ОНЫҢ РУХАНИ МҰРАСЫ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» «Қожа Ахмет Ясауи және оның рухани мұрасы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде өтті. Іс-шараны Түркістан облысының әкімдігі ұйымдастырды.
Аталған жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасы аясында ұйымдастырылды. Президент өз сөзінде Түркістан мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасының рухани сабақтастығын айрықша атап өтіп, ұлы ойшылдың еңбектерін жан-жақты зерттеу және кеңінен насихаттаудың маңыздылығын айтқан болатын.
Конференцияның негізгі мақсаты – Қожа Ахмет Ясауи ілімін терең зерделеу, оның рухани мұрасын қазіргі қоғамда насихаттау және оны жас ұрпақ тәрбиесінде тиімді қолдану.
Ауқымды ғылыми жиынға мемлекеттік органдардың өкілдері, дінтанушы ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері және зиялы қауым қатысты.
ТҮРКІСТАН – РУХАНИ ОРТАЛЫҚ, ЯСАУИ – РУХАНИЯТ ТІРЕГІ
Конференцияға қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістан мен Қожа Ахмет Ясауи есімдерінің ажырамас ұғым екенін атап өтті.
Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысының тарихи-рухани мұраны дәріптеу жөніндегі тапсырмаларының маңыздылығына тоқталып, Ясауи, әл-Фараби және Абай ілімдерінің ұлттық руханияттағы орнын ерекше атады.
Сондай-ақ облыс әкімі Түркістанның тарихи және рухани орталық ретіндегі мәртебесіне, өңірде мәдени туризм мен тарихи мұраны жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Оның айтуынша, Ясауи мұрасын зерттеу және жастар арасында кеңінен насихаттау – уақыт талабы.
ҒЫЛЫМИ БАҒЫТТАҒЫ БАЯНДАМАЛАР МЕН ПІКІР АЛМАСУ
Конференция барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы дәстүрлі ислам құндылықтарының қоғамдағы орны мен рухани тұрақтылықты сақтаудағы маңызын атап өтті.
Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, теология ғылымдарының докторы Досай Кенжетай «Иасауи тұлғасы және тарихи мәні» тақырыбында баяндама жасап, Ясауи мұрасының тарихи-рухани маңызын жан-жақты талдады.
ҚМДБ Ислам ғылыми-зерттеу институтының директоры Төрәлі Қыдыр «Диуани хикмет» қолжазбаларына қатысты ғылыми зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің өкілі Айбар Әбілов Ясауи мұрасының ұлттық құндылық ретіндегі мәніне тоқталды.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы «Түркология» ғылыми-зерттеу институтының директоры Халил Четин рухани құндылықтарды сақтау мәселелерін көтерсе, теология ғылымдарының докторы Мұхит Төлеген Ясауи ілімін білім беру жүйесіне енгізудің маңыздылығын атап өтті.
ҚОРЫТЫНДЫ ЖӘНЕ ҰСЫНЫСТАР
Конференция барысында Ясауи мұрасын кеңінен насихаттау, оны білім беру саласына енгізу және қоғамдық санада орнықтыру бағытында бірқатар нақты ұсыныстар айтылды.
Ғылыми қауым өкілдерінің пікірінше, Қожа Ахмет Ясауи ілімі – түркі дүниесінің рухани тұтастығын сақтауға негіз болатын құнды мұра.
Конференцияның мазмұны еліміздегі ғылым мен жоғары білім саласын дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттермен сабақтас. Осы орайда Түркістан облысында ғылымды кеңінен насихаттау, отандық ғалымдардың жетістіктерін ілгерілету, жас зерттеушілерді қолдау, жоғары білім беру сапасын арттыру және өңірлік жоғары оқу орындарының әлеуетін күшейту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Сонымен қатар ғылым саласында жоғары оқу орындары арасындағы өзара кооперацияны дамытуға ерекше назар аударылуда.






