ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ

Жетісай ауданында соңғы жылдары елді мекендер мен ауданаралық жолдарды қалпына келтіру, тас төсеп, асфальттау, тозығы жеткен немесе жаңадан салынған көшелерде тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан бірінші кезекте жөнделуі тиіс жолдардың құжаттары жасақталып, ішкі жолдарға төселіп жатқан асфальттардың сапасы, төселген тастар мен асфальттардың құрамы, қалыңдығы мен енінің ұзындығы, нығыздалу коэфиценті қатаң бақылауға алынған.
Аудандағы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласын дамыту мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын зерделеу мақсатында аудан басшысы Жетісай қаласындағы бірқатар көшелерде болды.
Бүгінде Жетісай қаласындағы жалпы ұзындығы 5,7 шақырымды құрайтын Қ.Омаршаев, А.Қалыбеков және С.Жәштаев (Жоба) көшелеріне 2025-2026 жылдарға өтпелі орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мамыр айының соңына дейін толық аяқталуы жоспарланған.
Одан бөлек, жалпы ұзындығы 4,9 шақырымды құрайтын М.Жұмабаев, Ш.Айманов, Рудаки, Д.Нұрпеисова, Ш.Уәлиханов, Ақан сері, Ә.Қашаубаев тұйығы және Қостөбе көшелерінің, жалпы ұзындығы 2,5 шақырымды құрайтын Ш.Құдайбердиев, С.Сейфуллин, Оспанов, Малдыбеков және Сүгір көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарын бастауға тиісті қаржылар қарастырылған.
Зерделеу барысында аудан әкімі жауапты сала басшылары мен қала әкіміне жұмыстың сапасын қатаң бақылауда ұстауды, мердігер мекеме басшыларына өндірістік кестеден кешікпей уақытылы аяқтауды тапсырды.






