Түркістан облысы аумағында жалпы көлемі 1 961,3 гектарды құрайтын 21 құрылған. Қазіргі таңда осы аймақтарда жалпы құны 132,3 млрд теңге болатын 98 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 6 001 жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда. Олардың ішінде, қазірдің өзінде 59,8 млрд теңгеге 55 инвестициялық жоба іске қосылған. Нәтижесінде 3 454 жаңа жұмыс орны ашылып, өңір тұрғындары тұрақты жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар 72,6 млрд теңгеге 43 инвестициялық жоба іске асырылуда. Аталған жобалар жүзеге асқан жағдайда, қосымша 2 547 жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық аппарат мәжілісінде айтылды. Мәжілісте индустриалдық аймақтардық жай-күйі сараланып, өзекті мәселелер ортаға салынды.

Нұралхан Көшеров хаттамалық тапсырмаларды тиісті деңгейде орындамаған аудан, қала әкімдерін сынға алып, бірқатар міндет жүктеді.

– Біздің мақсатымыз – инвестиция тарту арқылы экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту және халықты жұмыспен қамту. Осы бағыттағы жұмысты жүйелі әрі нәтижелі жүргізуді талап етемін. Жұмысты жандандырып, нақты нәтижеге қол жеткізуіміз қажет. Жер және инфрақұрылым мәселесін жедел түрде шешуді тапсырамын. Инвесторларды тарту, жаңа әрі нәтижелі жобаларды орналастыру жұмыстарын күшейтіңіздер, – деді облыс басшысы.

Бұл жобалар өңір экономикасында маңызды орын алатын өндірістік салаларда іске асырылуда. Олардың қатарында жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік өндірісі, құрылыс саласы, пластмасса бұйымдарын жасау, машина жасау, металлургия, дайын металл өнімдерін өндіру және жиһаз жасау бағыттары бар.

Жиында индустриялық аймақтардағы өзекті мәселелер бойынша Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Нұрлыбек Исаевтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, былтыр индустриялық аймақтың кәсіпорындары тарапынан жалпы 26,2 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Бюджетке түскен салық түсімі 1,7 млрд теңгені құрап отыр. Индустриялық аймақтардың инфрақұрылымын жүргізу үшін жұмсалған қаржы көлемі 12,4 млрд теңгені құрады. Бюджеттен жұмсалған 1 теңгеге 10,7 теңге жеке инвестиция тартылды.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «Түркістан-2» өңірлік маңызы бар индустриялық аймағы құрылды. Бүгінде индустриялық аймақ шекарасындағы 150 гектар жер телімінің құқықтық рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, жиналыс барысында индустриялық аймақтардағы бірқатар өзекті мәселелер қаралып, шешу жолдары талқыланды.