ТҮРКІСТАН: МАҚТАРАЛДАҒЫ АБАТ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ 400-ДЕН АСТАМ КӨШЕТ ОТЫРҒЫЗДЫ

0
40
Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Абат ауылы игі бастамасымен ел назарын өзіне аударды. Ауыл тұрғындары елді мекен аумағына 400-ден астам көшет отырғызып, ауқымды көгалдандыру акциясын өткізді.
Бұл іс-шара – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасын қолдаудың жарқын үлгісі болды. Абаттықтар табиғатты түлету жолында елді мекен шегінен бөлінген арнайы жер теліміне 25 түп арша, 10 түп сәндік тұт, 20 түп қытай бамбугы, 70 түп қара тал, 50 түп терек және 140 түп раушан гүл көшеттерін отырғызды. Сонымен қатар ауылдың көркіне айналып келе жатқан «Абат» аллеясына қосымша 18 түп арша мен 50 түп қара тал екті.
Тал егілген 300 метрден аса аумақ арнайы темір қоршаумен қоршалды. Бұдан бөлек, арықтар қазылып, бұған дейін егілген талдар суғарылды. Ауылдың үлкендері бастама болған акцияға жастар да өз үлестерін қосты. «Абат» аллеясы енді тек серуен құратын орын ғана емес, ауыл жастары мен тұрғындарының ортақ еңбегінің символына айналды. Жаңадан егілген аршалар мен қара талдар алдағы жылдары ауылдың шырайын кіргізіп, көлеңкелі, көрікті демалыс аймағын қалыптастырады.
Айта кетейік, Абат ауылының тұрғындары бірлік пен ұйымшылдықтың арқасында осылайша көпке үлгі бола білді. Олар алдағы уақытта да егілген көшеттерге күтім жасап, терең тамыр жайып кетуіне үлес қосатын болады.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу