САУРАН АУДАНЫНДА ӨҢІРЛІК ӨНІМ КӨЛЕМІ 150 МЛРД ТЕҢГЕГЕ ЖУЫҚТАҒАН

Сауран ауданында 6 ауылдық округте өндірістік алаңдар құрылып жатыр. Онда 100-ге жуық шағын цех ашылып, 1 500-ден астам жаңа жұмыс орны құрылмақ. Өткен жылы Шаға ауылдық округіндегі өндірістік алаңда 40 нысанның құрылысы аяқталып, 16 цех іске қосылған. Нәтижесінде 700 азаматқа жаңа жұмыс орны ұсынылған. Бұл жайында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Қазіргі таңда Қарашық ауылында 14 цехтың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы инвестиция көлемі – 4,8 млрд теңге. Жыл соңына дейін ауылда 10 цех толықтай іске қосылмақ. Сондай-ақ, Иассы ауылдық округінде 21 өндірістік цехтың құрылысына жер телімі бөлінген. Жобаға 6,3 млрд теңге инвестиция тартылған. Ал, Қосмезгіл ауылында 10 өндірістік цехтың ғимаратын салу жоспарланып, қазіргі таңда 3 нысанның құрылысы жүруде. Сондай-ақ, Үшқайық ауылдық округінде жиһаз өндіретін 16 цех ғимаратының құрылысы жүргізілсе, Жүйнек ауылында 16 цехтың 12-сінің құрылысы аяқталған. Сонымен қатар, Еңбекші Дихан елді мекенінде 18 цехтың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр» – деді аудан басшысы.
«2025 жылдың қорытындысымен ауданның жалпы өңірлік өнім көлемі 147,3 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 124%-ға артты. Бұл көрсеткіштің 72%-ы – ауыл шаруашылығы, 15%-ы – өнеркәсіп саласы, 9%-ы – құрылыс саласы, 4%-ы – сауда саласының үлесінде. Сондай-ақ, аудан экономикасына 2025 жылы 71,4 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 105,7%-ды құрады. Ауданда туризм саласы да қарқынды дамып келеді. Өңірдегі республикалық маңызды тарихи-мәдени нысандарға келушілер саны 101 мың адамға жуықтаған. Көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 110%-ға артқан» – деді спикер.






