ТҮРКІСТАН: ОБЛЫС ӘКІМІНІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУІНДЕ АЙТЫЛҒАН МӘСЕЛЕ ШЕШІМІН ТАУЫП, ЖЕТІСАЙДАҒЫ АУЫЛҒА ГАЗ БЕРІЛДІ

0
9
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жетісай ауданына жасаған іс-сапары барысында Мақталы ауылдық округі Тың елді мекенінің табиғи газға қосылу шарасына қатысты. Тұрғындармен кездесіп, пікір алмасты. Халықпен кездесуде көтерілген мәселелер шешімін тауып жатқанын жеткізді.
📌– Бүгін Жетісай ауданында қуанышты сәтте жиналып тұрмыз. Аймақтардың инфрақұрылымы жақсарып, тағы бір ауыл газбен қамтылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдарды дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сапасын арттыру жөнінде тапсырма берді. Облыста осы бағытта ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Президентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында бұл мәселе кезең-кезеңімен шешілуде. Бүгінгі сапарымда өздеріңізбен жүздесіп, Тың ауылын табиғи газға қосқалы отырмыз. Бұл мәселе биыл аудан тұрғындарымен өткен кездесуде көтерілген еді. Мәселе шешімін тауып отыр. Біз облысымыздың елді мекендерін газдандыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеміз. 2025 жылы 46 жобаның құрылысы аяқталады. Газдандыру деңгейін 75 пайызға ұлғайтып, 606 елді мекен көгілдір отынды пайдаланатын болады. Оның ішінде соңғы үш жылмен салыстырғанда бір ғана Жетісай ауданын табиғи газбен қамту көрсеткіші 22 пайызға артты. Бұл жұмыстар облысымыздың басқа аудандарында да жүргізілуде. Баршаңызды қуанышты сәтпен құттықтай отырып, әр шаңыраққа жылу, береке, амандық тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
▪️Өңір басшысы аудан ақсақалдары мен тұрғындарымен кездесуде облыста мақта кластерін дамыту бағытындағы жұмыстарды да баяндады. Мақтаны өсіруден бастап, терең өңдеп, киім тігуге дейін жоспар жасалғанын, мақта егуде жаңа технологияларды енгізу маңызды екенін жеткізді.
▪️Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру, қолайлы орта қалыптастыру, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту мақсатында аталмыш елді мекеннің газ құрылысы жұмысы биыл мамыр айында басталып, қазан айының соңында аяқталған. Облыстық бюджеттен бөлінген 164,2 млн теңгеге жүргізілген жалпы ұзындығы 7,9 шақырым құбырдың 0,9 шақырымы жоғары қысымды болса, 7 шақырымы төмен қысымды. 942 тұрғын тұратын шағын ауылда 133 абонент бар.
▪️Айта кетейік, Жетісай ауданында тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарының жүйелі жүргізілуінің нәтижесінде аудандағы 105 елді мекеннің 93-сі көгілдір отынмен қамтылып, газ пайдаланушы елді мекендердің үлесі 87,7 пайызға жеткен. Өткен жылы 4 елді мекенге газ берілсе, биыл 14-ші елді мекенге газ беріліп отыр. Жыл соңына дейін тағы 6 елді мекенді көгілдір отынға қосу жоспарланған. Қазіргі таңда 3 нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатса, тағы 10 елді мекенге жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу