ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА СОЗАҚТА 16 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Шолаққорған ауылында жаңа тұрғын үйдің кілті табысталды. Жеткіншек шағын ауданында бой көтерген 16 пәтерлі, 2 қабатты тұрғын үй апатты жағдайдағы үйлердің тұрғындарын қоныстандыруға мүмкіндік берді.
Аталған тұрғын үй құрылысы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның еншілес компаниялары – «КАTКО» БК ЖШС және «Қазатомпром-Сауран» тарапынан қаржыландырылып, халық игілігіне ұсынылды.
Салтанатты шараға арнайы қатысқан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов әлеуметтік маңызы жоғары жобаның аудан дамуына қосар үлесін атап өтті. Ұлттық компания өңірдегі инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды қолдауды алдағы уақытта да жалғастыратынын айтты.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жаңа қоныс иелерін қуанышты сәтпен құттықтады.
— «Апатты үйлердің мәселесін шешу басты міндеттеріміздің бірі. Облыс әкімінің тапсырмасына сай бұл жобаны жаңғырту бағдарламасына енгіздік. Қаржы көзін анықтау үшін Қазатомөнеркәсіп компанияларымен келіссөздер жүргіздік. Бұл жобаның іске асуына қолдау көрсеткен «Қазатомөнеркәсіп» компаниясына, КАТКО мен Қазатомпром-Сауран басшыларына аудан жұртшылығы атынан алғыс айтамын. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын!» — деді аудан басшысы.
Сонымен қатар «КАTКО» БК ЖШС-нің қаржы жөніндегі директоры Алмас Жанқабыл құттықтау тілегін білдіріп, компанияның әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жұмыстары жалғаса беретінін айтып өтті.
Жаңа тұрғын үй аудандағы әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында салынды. Пәтерлер заманауи талаптарға сай жабдықталған. Инженерлік желілермен толық қамтылған. Ауласы қоршалып, балалар ойын алаңшасы орнатылған. Сыртқы қасбеті металлопанельмен қапталып, талаптарға сай әрленген.






