РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «ТҮРКІСТАН ДАУЫСЫ – 2025» БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Түркістанда дәстүрлі түрде өтетін республикалық «Түркістан дауысы» эстрадалық жас орындаушылар байқауы өз мәресіне жетті. Екі күнге созылған ән додасында еліміздің әр аймағынан келген 17 жас талант өз өнерлерін көрсетіп, бақ сынады. Салтанатты марапаттау рәсімінде қатысушылардың өнері бағаланып, жүзден жүйрік шыққан жеңімпаздар марапатталды.
Қазылар алқасының шешімімен Алматы қаласынан келген Ақерке Амалят бас жүлде иегері атанды. Жүлделі І орын Қостанай облысының қатысушы Бағдаулет Ермаханға бұйырса, ІІ орынды Атырау облысынан келген Гимран Нұрайым иеленді. Ал жүлделі ІІІ орынды ақтөбелік Нарғыз Жанұзақова мен Солтүстік Қазақстан облысының үміткері Жанай Бүркіт өзара бөлісті. Сонымен қатар Батыс Қазақстан облысынан қатысқан Миржан Жидебай «Үздік өңделген ән» арнайы жүлдесіне лайық деп танылды. Қарағанды облысынан қатысқан Аяла Мукушева, астаналық Жасмин Тлеумбетова, Түркістан облысынан Аяна Төленова байқау дипломаттары атанды.
Байқау ережесіне сәйкес, қатысушылар сайыстың алғашқы күнінде Қазақстанның танымал композиторларының әндерін шырқаса, екінші кезеңде өз таңдауы бойынша еркін тақырыптағы шығарманы орындады. Жас орындаушылардың өнерін еліміздің белгілі өнер майталмандары Маржан Арапбаева, Бағлан Омаров, Мархаба Сәби, Әли Оқапов және Мейіржан Алиакбаров қазылық етіп, әділ баға берді
Айта кетейік, биыл «Түркістан дауысы» байқауына 5 жыл толды. Осы уақыт ішінде жоба көптеген жас орындаушылардың танылуына жол ашып, өнер әлемінде өз орнын қалыптастырды.






