Заң мен тәртіп: Жыл басынан бері Сарыағашта 12 458 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды

Түркістан облысында қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысы тәртібін сақтау мақсатында кешенді рейдтік шаралар қарқынды жүргізілуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға облыстық Полиция департаментінің қызметкерлері толық жұмылдырылған.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту – қазіргі күннің басты міндеттерінің бірі. Облыс аумағында соңғы кезде орын алған жол апаттары бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыруды талап етіп отыр. Осы орайда Сарыағаш аудандық полиция басқармасында «Қауіпсіз жол” профилактикалық іс-шарасы аясында қарқынды жұмыстар жүргізілуде.
Аудандық полиция басқарма бастығының орынбасары Жұман Сандыбаев пен әкімшілік полиция бөлімінің бастығы Ерлан Тұяқов жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасады.
Спикерлердің айтуынша, 2025 жылдың басынан бері аудан аумағында 12 458 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Оның ішінде 67 мас жүргізуші ұсталып, олардың көліктері айыппұл тұрағына қойылған. Сонымен қатар, жаяу жүргіншілер мен жол қозғалысына қатысушылар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтіліп, мектептерде “Абайлаңыз, балалар!” акциясы аясында жол жүру ережелері үйретілген. Осы бағытта 198 тексеру жүргізілген.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар тиісті мекемелерге жолданып, олардың орындалуы тұрақты бақылауда болатыны атап өтілді.






