Қоғамдық қауіпсіздік – ортақ жауапкершілік

0
71

Түркістан қаласында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бақылау шаралары күшейтілді. Осыған орай, Түркістан қалалық полиция басқармасының басшысы  Жасұлан Нысанбаев БАҚ өкілдеріне арнайы брифинг өткізіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Брифингте айтылғандай, жыл басынан бері әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша бірқатар заңбұзушылықтар тіркелген: мас күйінде көлік басқару – 139, қарсы бағытқа шығу – 108, жаяу жүргіншіге жол бермеу – 970, ұялы телефон қолдану – 2350, қауіпсіздік белдігін тақпау – 8547, авариялық жағдай туғызу – 261 оқиға.

Жол қозғалысындағы тәртіпті қадағалау үшін қалада жылдамдықты автоматты түрде тіркейтін 2 мобильді кешен – Ekin Patrol G2 іске қосылған. Бұл құрылғылар Шымкент-Самара, Кентау тас жолы мен Б.Саттарханов даңғылында орнатылып, күн сайын 200-ден астам жылдамдықты асыру деректерін тіркеуде. Аталған жылдамдық режимін анықтайтын мобильді кешені құрылғыларымен күнделікті 200-ден аса жылдамдықты асыру құқық бұзушылықтары анықталуда.

Сонымен бірге  ішкі жолдардағы жағдайды, жол-көлік оқиғаларын алдын-алу мақсатында, күнделікті жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге Түркістан ҚПБ қызметкерлері жұмыс атқаруда. Әр аптаның сейсенбі және сенбі күндері қала аумағында рейдтік іс шара ұдайы ұйымдастырылып, «Тасымалдаушы», «Қауіпсіз жол!», «Құқықтық тәртіп», «Автобус», «Заңсыз тасымалдаушы», «Назар аударыңыз балалар» жедел-профилактикалық іс-шаралар өтіп жатыр.

Түркістан облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында тиісті рейдтік және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Алайда, алдын алу шараларына қарамастан, облыс аумағында жол апаттары тіркеліп жатыр.

Осыған байланысты Түркістан облысы Полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жасұлан Қаржаубайұлы қала тұрғындарын барынша сақ болуға шақырды.

– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқықтық тәртіпті нығайту бойынша бірқатар алдын алу шаралары жүзеге асырылғанына қарамастан, жол-көлік оқиғалары орын алуда. Осы ретте жаяу жүргіншілердің белгіленген жерден өтіп, көлік жүргізушілерінің тәртіп сақтап, жылдамдықты асырмай, жолда мұқият болуын сұраймыз, – деді ол.

Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау – әр азаматтың жауапкершілігі екенін ескеріп, полиция қызметкерлері тұрғындарды тәртіпке бағынуға шақырады.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу