Заң мен тәртіп: Түркістанда терроризмнің алдын алу және тұрақтылықты сақтау мәселелері талқыланды

0
90

 

Түркістан облысында ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыс жалғасуда. 30 қыркүйек күні облыс әкімдігі жанындағы терроризмге қарсы комиссияның кезекті отырысы өтті. Мәжіліске облыс әкімі Нұралхан Көшеров төрағалық етті.

Жиынға облыстық терроризмге қарсы комиссия мүшелері, құқық қорғау және арнайы органдардың өкілдері, тиісті басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты.

Күн тәртібінде бірнеше маңызды мәселелер қаралды. Атап айтқанда, экстремистік көзқарастағы азаматтарды оңалту жұмыстарының барысы, қылмыстық атқару жүйесі мекемелеріндегі терроризм мен діни экстремизмнің алдын алу нәтижелері, сондай-ақ Келес ауданына қарасты Шұқырсай елдімекеніндегі діни ахуал талқыланды. Сонымен қатар, 2025 жылдың III тоқсанында атқарылған жұмыстарға байланысты орындаушылық тәртіп мәселелері қаралды.

Отырыста нақты фактілер мен жағдайлар сараланып, баяндама жасаған сала жетекшілері атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында есеп берді. Қоғамда діни радикализмнің алдын алу, діни сауаттылықты арттыру, қауіп төндіретін факторларды дер кезінде анықтау және олардың жолын кесу бойынша жүргізіліп жатқан шаралар туралы кеңінен айтылды.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров тиісті органдарға нақты тапсырмалар беріп, бұл бағыттағы жұмысты үнемі бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Ол экстремизмге қарсы іс-қимылды тек құқық қорғау органдарының емес, барша қоғамның ортақ міндеті екенін еске салып, бірлескен кешенді шараларды күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, жыл басынан бері облыста терроризмге қарсы комиссияның 3 отырысы, жұмыс тобының 19 мәжілісі және 3 семинар өткізілген. Сондай-ақ, өңірде «Терроризмге жол жоқ!» атты кең ауқымды акция ұйымдастырылып, ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Бұл жұмыстардың барлығы Түркістан облысында ел тыныштығы мен тұрақтылығын сақтау, қоғамда қауіпсіз орта қалыптастыру мақсатында іске асырылып жатыр.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу