«Заң мен тәртіп»: Түркістанда 8 мыңнан астам экологиялық құқықбұзушылық анықталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасын іске асыру аясында Түркістан қаласында жүйелі түрде тазалық және құқықтық бақылау шаралары жүргізілуде.
Қала аумағында заңсыз қоқыс төгу фактілерін болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері мен учаскелік инспекторлар тарапынан күндізгі және түнгі рейдтер күшейтілді. Бұл бағыттағы жұмыстар қала маңындағы жазық аймақтар мен төбелерді қоқыс алаңына айналдырмауға бағытталған.
Таяуда Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы нысандарды аралау кезінде заңсыз құрылыс қалдықтарын тасымалдап жатқан жүк көлігін анықтады. Оқиға орнына полиция қызметкерлері дереу шақырылып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 505-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Заң бұзушыға 78 640 теңге көлемінде айыппұл салынып, қоқыс төгілген орынды қалпына келтіру бойынша шаралар қабылданды.
Түркістан қаласының әкімдігі мен құқық қорғау органдары қала тазалығын қамтамасыз ету және экологиялық құқық бұзушылықтарға жол бермеу мақсатындағы жұмыстарды жалғастыра береді. Тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға және заң талаптарын сақтауға шақырамыз.
Жыл басынан беріоблыс орталығында қоғамдық орындарды ластау мен абаттандыру қағидаларын бұзу бойынша 8 мыңнан астам құқықбұзушылық тіркеліп, жауапты тұлғаларға әкімшілік шаралар қолданылды. Бұл Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасы аясында қолға алынған жүйелі бақылау жұмыстарының нәтижесі.
6273 құқықбұзушылық – қоғамдық орындарды ластауға, ал 2051 дерек – абаттандыру талаптарының сақталмауына қатысты болған. Соның ішінде заңсыз қоқыс төккен бірқатар жеке тұлғалар мен кәсіпкерлер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, көліктері айыптұраққа қойылды.
Түркістан қаласы әкімдігі мен қалалық полиция басқармасы тарапынан аумақтың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы кешенді жұмыстар жалғасуда. Сонымен қатар, тұрғындар арасында үгіт-насихат және түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Билік өкілдері қала тұрғындарын қоршаған ортаны таза ұстауға, тәртіпке бейжай қарамауға және заң бұзушылықтарға жол бермеуге шақырады.






