Түркістан облысында жаңа ойын алаңшалары мен спорт алаңдары ел игілігіне берілді

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық дамуды қолдау және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында балалар мен жасөспірімдерге арналған жаңа ойын және спорт алаңшалары пайдалануға берілді. Облыс орталығында осы бағытта 9 жаңа заманауи ойын және спорт алаңы салынды.
Жергілікті тұрғындардың ұсыныстары мен қажеттіліктерін ескере отырып, Қазақбақ, Алтай, М.Әбенова, А.Жангелдин, Мұғалжар, Ш.Уәлиханов, Р.Дастанова көшелерінде балаларға арналған ойын алаңшалары құрылды. Ал Хақназар хан және Ш.Ниязов көшелерінде футбол алаңдары бой көтеріп, жас спортшылар мен футбол әуесқойларының талаптарына сай жабдықталды.
Құрылыс жұмыстары биылғы жылдың ақпан айында басталып, бірнеше ай ішінде сапа стандарттары мен қауіпсіздік талаптарына сай толық аяқталды. Алаңшаларда қауіпсіз әрі ыңғайлы ойын мен спорт ортасы жасалды. Сонымен қатар, аумақтар абаттандырылып, көгалдандырылған, инженерлік инфрақұрылым толық қамтылған.
Қазіргі таңда Түркістан қаласында жалпы саны 250-ге жуық ойын және спорт алаңшалары бар, бұл қала тұрғындары үшін қолайлы және қауіпсіз ортаны қалыптастыруға зор үлес қосып отыр. Жаңа нысандардың ашылуы облыс тұрғындарының денсаулығы мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған шаралардың жалғасы болып табылады. Бұл жұмыстар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын нығайтып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған кешенді даму стратегиясының маңызды бөлігі болып табылады.