ЖЕТІСАЙЛЫҚ АЙТУҒАН САЛҒАН «АЛТЫН САЛЫМ» ТҮРКІСТАНДЫҚТАРДЫ ЧЕМПИОН ЕТТІ

0
134

Тамыз айының 16-23 күндері аралығында Алматы облысының Талғар ауданында XIII рет ел чемпионаты өтті.  Байрақты бәсекеге Алматы мен Шымкент қалаларымен қатар Алматы, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай және Ұлытау сынды облыстардан іріктелген 13 жасөспірім көкпаршылар командасы қатысты.

7 күн бойы жерден серке көтеріп, денесінің шымырлығы мен батылдығын, ептілігі мен қажырлылығын, командалық ұйымшылдықпен жұмыс істей білу қабілеттерін көрсеткен мықтылардың ішіндегі шын мықтылары ғана ақтық сынға жолдама алды.

Ақтық сында Жамбыл облысының жігіттерімен серке тартысып, ойынның негізгі уақытында 7:7 есебімен тең түскен Түркістандық көкпаршыларға қосымша уақытта Жетісай аудандық «Ұлттық спорт клубының» мүшесі, Түркістан облысының көкпардан жасөспірімдер құрамасының мүшесі Ерболат Айтуған салған «Алтын салым» жеңіс сыйлады. Осылайша есепті 8:7-ге жеткізген Түркістан облысының құрамасы ел чемпионы атанды.

Жастайынан ат құлағында еркін ойнап, көкпар, бәйге, аударыспақ сынды ат спорты ойындарына әуестеніп өскен Ерболат Жомартұлы аталмыш чемпионатта 9 салым салып, тақымы мықтылардың көшін бастады. Үздік деп танылып, 200 мың теңгенің сертификатына ие болды.

Айта кетейік, бұған дейін жерлестеріміз Шымкент қаласының құрамасын 14:1 есебімен, Атырау облысының құрамасын 17:1 есебімен жеңген болатын. Бұл екі кездесуде де жетісайлық Ерболат қарсыласты қапы қалдырып, 3 салымнан салған.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу