Түркістан облысында биыл әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылым жанданады

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды дамыту, соның ішінде спорт саласын нығайту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Өткен жылы өңірде 73 спорт нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілсе, биыл 51 жаңа спорттық нысанды ел игілігіне тапсыру жоспарланған. Оның ішінде халықаралық талаптарға сай атшабар мен ескек есу каналы бар. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев Түркістан қаласындағы бірқатар спорт нысандарын аралап, құрылыс барысын тексерді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында спорт саласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда өңірде спорт нысандарының құрылысы жүргізіліп, құрылыс сапасы қатаң бақылауға алынған.
М.Төлебаев көшесінде бой көтеріп жатқан спорт кешеніне барды. Жоба құны 595,8 млн. теңгені құрайтын нысанның құрылысы өткен жылы басталған. Жаңа нысан биыл аяқталады деп күтілуде.
Нысан ішінде заманауи күрес залы мен бокс залы қарастырылса, аулада шағын футболға арналған ашық алаңша орнатылған. Аталған спорт кешенінде бокс және күрес спорт түрлерінен оқу-жаттығу жиындары өткізіледі.
Ертай Кенжебекұлы жауаптыларға бірқатар ескертулер айтып, нақты тапсырмалар берді.
Киелі шаhaрда ескек есу каналының құрылысы да қарқынды. Жаңа нысанның құрылысы қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланған. Ескек есу каналының құрылыс барысымен танысқан облыс әкімінің орынбасары жауапты сала басшылары мен мердігерлерге құрылыс сапасына ерекше мән беруді, сапалы әрі уақытылы атқару жөнінде тапсырма берді.
Аралаудан соң облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевтың төрағалығымен арнайы мәжіліс өтіп, саладағы атқарылып жатқан жұмыстар кеңінен талқыланды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортты дамыту, республикалық және халықаралық жарыстар өткізетін жаңа спорт кешендерін салу жөнінде нақты тапсырмалар берген болатын. Бүгінде өңірімізде бұқаралық спортты дамытуға және спорт инфрақұрылымын нығайтуға баса назар аударылып отыр. Облыста бірқатар спорт нысандары ашылып, саламатты өмір салтын ұстанушылар саны артып келеді. Осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырамын, – деді Ертай Кенжебекұлы.