Түркістан облысында 100-ге жуық отбасыға баспана кілті тапсырылды

0
42

Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі – Түркістан қаласының облыс орталығы атануы. Облыс орталығы атанғанына 7 жыл енді толса да, Түркістан қаласы күллі түркі елдерінің рухани астанасына айналып, шаһарға арнайы заңмен ерекше мәртебе статусы берілді. Шаһардың күннен күнге ажарланып, дамып, көркейіп келеді.  Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде баспанамен қамту жұмысы жүруде. Бүгін Түркістан қаласының тұрғындары жаңа баспанамен қаматамасыз етілді. Баспанамен қамту жұмыстары облысқа қарасты барлық аудан, қалаларда кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.  Бүгінгі таңда өңірде  халықты баспанамен қамтамасыз ету бағытында нақты жобалар іске асырылуда. Жаңа тұрғын үй кешендері бой көтеріп, кезекте тұрған отбасылар баспаналармен қамтамасыз етілуде. Солардың бірі – қаладағы  «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде үйлердің кезекті құрылысы аяқталып, халық  игілігіне берілді. Өңір басшысы   Нұралхан Көшеров арнайы барып,  облыс орталығы тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Жалпы  84 отбасына баспана кілттері табысталды.

Өңір басшысының атынан жаңа қоныс иелеріне пәтер кілттерімен қатар қасиетті домбыра аспабы сыйға тартылды. Баспана «әлеуметтік осал топ» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға табысталды. Соның ішінде, 48-і көпбалалы отбасылар болса, «әлсіз топ» санатындағы отбасылар – 36. Баспаналы болып, Домбыра күні домбыраға ие болған тұрғындар қуаныштарын жасырмай, мемлекеттік қолдауға алғыстарын білдірді.

Бүгінгі таңда Түркістан қаласының тұрғын үй кезегінде 16 мыңнан астам азамат баспанаға мұқтаж ретінде тіркелген. Былтыр 961 отбасы баспанамен қамтамасыз етілсе, биыл 944 пәтерді иелеріне тапсыру жоспарлануда. Адам үшін ең керегі – баспана. Алдағы уақытта баспана мәселесін шешу үшін белсенді жұмыстар жалғасады.

Түркістан облысында әлеуметтік-экономикалық даму қарқынды түрде жалғасуда. Оның ішінде тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету – басты басымдықтардың бірі. Қазіргі таңда өңірде көпқабатты тұрғын үйлердің құрылысы, жеке тұрғын үй құрылысы үшін инженерлік инфрақұрылым тарту, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту бағытында нақты жұмыстар атқарылуда.

Жаңа шағынаудандар бой көтеріп, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілттері табысталуда. Сонымен қатар «Бақытты отбасы», «Шаңырақ», «Отбасы банк» арқылы қолжетімді бағдарламалар сәтті жүзеге асуда. Бұл бастамалар халықтың өмір сапасын арттырып, өңірдегі демографиялық өсімге де оң әсерін тигізіп отыр.

 

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу