Жетісайда тоғызқұмалақтан облыс чемпионаты басталды

Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің «Ұлттық спорт клубы» мекемесінің ұйымдастыруымен Түркістан облысы тоғызқұмалақ федерациясы кубогының XVII кезеңіне арналған жекелей жарыс бастау алды.
2010-2017 жылы туылған жасөспірімдер арасында өтіп жатқан біріншілігінде облыстың барлық аудан-қалаларынан келген 320 тоғызқұмалақшы бақ сынауда.
Шахмат, дойбы ойындары сияқты адамнан шыдамдылықты, салқынқандылықты, терең және логикалық ойлауды қажет ететін ақыл-ой жарысының салтанатты ашылу рәсіміне қазақ күресінен Халықаралық дәрежедегі төреші, спорт ардагері Бақыт Жаңбырбаев пен Түркістан облысы тоғызқұмалақ федерациясының президенті Нұрғали Мылтықбаев, «Ұлттық спорт клубы» КММ басшысы Ерлан Райымбердиев қатысып, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
«Тоғызқұмалақ ойынында түркі халықтарының бай тарихы, этнографиясы, ұлттық дүниетанымы бар. Сонау ерте заманнан салт-дәстүрімізбен, тарихымызбен біте қайнасып келе жатқан спортымыз әлемдік интеллектуалдық ойындардың озық үлгілерімен бой теңестіре алатын зияткерлік ойын, логикалық ойлау өнері. Бұл өнердің басты қасиеті – адам санасын жетілдіруге ерекше күш салады.
Жарысқа қатысып жатқан баршаңызға сәттілік тілеймін» деген Ерлан Қаржауұлы бүгінде ауданда 200-ге тарта жасөспірімнің тоғызқұмалақпен тұрақты түрде шұғылданатынын мақтанышпен жеткізді.
Айта кетейік, бүкіл Орта Азияда, әсіресе, қазақ пен қырғыз елдерінде көп ойналатын спорт түріне арналған облыс чемпионаты 15-16 наурыз аралығында өткізіліп, жеңімпаздарға республика чемпионатына жолдама берілетін болады.