Түркістан: «Сырдария-Түркістан» табиғи паркінің туристік мүмкіндігі артады

0
91
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағына барды. Жауапты басқарма басшылығы тарапынан парктің қазіргі жұмысы, жай-күйі туралы мәлімет берілді. Дархан Сатыбалды Сырдарияның бойында орналасқан табиғаты ғажайып орынның туристік әлеуетін көтеріп, тартымдылығын арттыру бағытында жоспар жасап, ұсыныс беру жөнінде міндет жүктеді. Жауаптыларға тапсырмалар берді.
– Бірінші міндет – табиғатты қорғау. Екіншіден, «Сырдария-Түркістан» өңірлік паркінің де туристік мүмкіндігін пайдалану керек. Зерделеп шығыңыздар. Жобалар ұсынылып, тиісті жұмыс жүргізілсін, – деді Дархан Сатыбалды.
Бұл өңірлік паркті құрудың негізгі мақсаты – Сырдария мен Арыс өзендерінің жайылмасының және Боралдай жотасының сирек кездесетін тау етегі мен таулы табиғи кешендері ландшафттарын табиғи қалпында сақтау, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық ағарту, ғылыми-танымдық іс-шараларға пайдалану. Сонымен бірге ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар туристік және рекреациялық мақсаттарда қолдану да көзделген. Бұл – Қазақстандағы Тоғай кермаралының популяциясы қалпына келтіріліп жатқан жалғыз өңірлік парк. Сонымен бірге экотуризмді дамыту, тұқымбақтар жасақтауда да аталған парктің үлесі бар.
Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу