Түркістан облысының әкімі Португалия елшілігінің өкілімен кездесті

Биыл Түркістан облысының құрылғанына 7 жыл толып отыр. Осы қысқа уақытта аймақтың туризм, мәдениет және инвестиция және әлеуметтік-экономикалық салалары қарқынды дамуда. Тарихи шаһарға шетелдің жауапты өкілдері жиі келіп, келіссөздер жүргізіп жүргізуді дағдыға айналдырған. Осы ретті Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Түркістанға арнайы келген Португалияның Қазақстандағы елшілігінің сенімді өкілі Жозе Атаиде Амаралмен кездесті. Кездесуде облыстың экономикалық, туристік әлеуеті таныстырылды. Сондай-ақ екі тараптар өңірдің даму әлеуеті мен екіжақты ынтымақтастық бағыттарын талқылады.
Облыс әкімі өңірдің даму қарқыны мен инвестициялық тартымдылығына тоқталып, шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді.
– Өзіңізбен тарихи Түркістан төрінде жолығып отырғаныма қуаныштымын. Облыстың даму қарқыны жақсы. Инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Португалиямен әріптестік орнатып, жобаларды бірлесе жүзеге асыруға дайынбыз. Туризм саласы бойынша да сіздердің тәжірибелеріңізді қарастыруға, Еуропадан келетін туристер санын арттыруға мүдделіміз, – деді Нұралхан Көшеров.
Жозе Атаиде Амарал облыс әкімінің қонақжай ықыласына алғыс білдіріп, Түркістанға «Voice of Turan – 2025» халықаралық фестивалі аясында арнайы келгенін атап өтті. Ол Португалияда қазақ әнін насихаттап жүрген өнерпаздың бар екенін, қазақ музыкасының жоғары деңгейде екенін тілге тиек етті.
Кездесу барысында Түркістан шаһарының көркейіп келе жатқанын, туризм мен мәдениет саласындағы қарқын байқалатынын айтқан мәртебелі мейман болашақта іскерлік байланыстарды нығайтуға ниетті екенін жеткізді.