Қазақстанда 24,3 млн тонна астық жиналды

0
57

2026 жылғы егін жинау науқанының қорытындысы бойынша Қазақстанда 24,3 млн тонна астық жиналды, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі. «Бұл — соңғы 15 жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Осы уақыт аралығында мұндай нәтижеден жоғары көрсеткіш тек екі рет тіркелген», – дейді министрлікте. Биыл жиналған астықтың көлемі ғана емес, сапасы да жақсы. Алдын ала мәліметтер бойынша, элеваторларға тапсырылған жұмсақ бидайдың шамамен 72%-ы үшінші сыныпқа жатады. Зерттелген бидай үлгілерінің 48%-ында дән маңызының мөлшері 28%-дан жоғары. Ақмола облысында үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90%-ға, ал ақуызы жоғары Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетті. Қазақстан астық экспортында да жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. Соңғы екі маркетингтік жылда еліміз 15,5 млн және 16 млн тонна астық пен ұн экспорттады. Бұл — тәуелсіздік жылдарындағы рекордтық көрсеткіштер. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мәліметінше, 2026 жылғы қыркүйектен 19 қазанға дейін Қазақстан 1,657 млн тонна астық экспорттаған. Бұл өткен кезеңмен салыстырғанда 9%-ға көп. Министрлік хабарлауынша, шаруаларға жеңілдетілген несие беру, ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту, сапалы тұқымдар мен минералды тыңайтқыштарды жеткізу, заманауи технологияларды енгізу жұмыстарына басымдық беріліп отыр.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу