ТӨЛЕБИ АУДАНЫНДАҒЫ СУ НЫСАНДАРЫНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев, облыстық мәслихат депутаттары және Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов аудан аумағындағы бірқатар су нысандарын аралап, олардың қазіргі жай-күйімен және атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Қазіргі таңда Ленгір қаласында 37 мыңнан астам тұрғын тұрады. Қала бойынша тәуліктік су тұтыну көлемі шамамен 12,2 мың текше метрді құраса, жаз мезгілінде бұл көрсеткіш 18,9 мың текше метрге дейін артады. Осыған байланысты қолданыстағы су инфрақұрылымының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету және қосымша су көздерінің әлеуетін тиімді пайдалану маңызды міндеттердің бірі болып отыр.
Елді мекендегі ауыз су тапшылығын азайту мақсатында жаңа ұңғымалар салу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы құны 282 млн теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын ағымдағы жылдың қазан айында аяқтау жоспарланған. Жоба іске асырылғаннан кейін елді мекеннің сумен жабдықтау мүмкіндігі кеңейіп, тұрғындарды тұрақты ауыз сумен қамтуға қолайлы жағдай жасалады.
Жұмыс сапары барысында тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Қолданыстағы су жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуі мен қосымша су көздерін тиімді пайдалану, әсіресе жаз мезгілінде су тұтыну көлемі артатын кезеңде, халықтың қажеттілігін өтеуге мүмкіндік береді.






