
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда жасалған» (Made in Kazakhstan) таңбасы нарықтағы сапа мен бәсекеге қабілеттіліктің шынайы белгісіне айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Бұл – отандық өндірісті күшейтіп, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнім шығаруға бағытталған маңызды міндет. Бұл міндетті іске асыру аясында, Үкіметтің тікелей қолдауымен елімізде отандық өндірісті жаңғыртуға, шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық берілуде. Осындай жүйелі қолдаудың арқасында киелі Түркістан өңірі де серпінді даму жолына түсті. Қазіргі уақытта, облыста 200 мыңға жуық орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері бар. Аталған кәсіпкерлер 2026 жылдың 8 айында 1,2 трлн теңгеге өнім өндірді. Бұл өңірдегі жаңа өндірістер ашып, шикізатты терең өңдеуге бағытталған жұмыстардың нәтижесі деп білемін. Облысының экспорттық әлеуеті де жыл сайын артып келеді. 2026 жылдың бірінші жартысында облыстың сыртқы сауда айналымы 2,3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 611 млн АҚШ долларына немесе 36,2%-ға өсті. Экспорт көлемі 323,4 млн АҚШ долларына немесе 36,5%-ға артып, 1,2 млрд АҚШ долларына жетті. Біз облысқа импортталатын тауарларға талдау жасап, өзіміздегі шикізатпен ұштастыра отырып, басым бағыттарды белгіледік. Соның негізінде көкөністерді терең өңдеу, балалар тағамы, томат пастасы, сүт өнімдері сияқты жобалар бойынша 40 инвестициялық ұсыныстар әзірленді. Сондай-ақ экономиканың әр түрлі салаларындағы отандық тауар өндірушілердің 400-ден астам өндірілетін өнімдерін қамтитын каталогын жасадық. Бұл – жергілікті өнімнің мүмкіндігін кеңінен танытып, шикізаттан дайын өнімге дейінгі өндірістік тізбекті қалыптастыруға бағытталған нақты қадам. Түркістан – елімізде мақта өсіретін бірден-бір өңір болғандықтан, біз оны тек шикізат ретінде сатпай, оны егістіктен бастап дайын мата мен тоқыма өніміне дейін толық өңдеуге басымдық беріп отырмыз. Аталған бағытта «Kazakhstan Lihua» ЖШС тоқыма кластерін құру жобасын іске асыруда. Жоба іске толық қосылғаннан кейін, мақта өнімін қосылған құн тауарларын шығаруды 2-3 есеге арттыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, облыста ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуге де ерекше мән берудеміз. Мәселен, Шардара ауданында жүгеріні терең өңдейтін «Казкрахмал» зауытының жобасы жүзеге асырылуда. Зауыт жүгеріні терең өңдеу арқылы 26 өнім түрі шығарады. Сондай-ақ заманауи ет комбинаты, алкогольсіз сусындар өндіретін жаңа кәсіпорын, ауыл шаруашылығына арналған дрондар шығару зауыты, өнеркәсіптік тоңазытқыштар шығару зауыты, еден жабындарын өндіру зауыты сияқты жобалар өңірімізде іске қосылды. Сіздердің әрқайсыңыздың жетістіктеріңіз – Түркістан облысының ғана емес, бүкіл еліміздің ортақ жетістігі. Отандық өндірісті өркендетіп, жаңа жұмыс орындарын ашып, ел экономикасының дамуына серпін беріп жүрген барша кәсіпкерлерге шынайы алғысымды білдіремін. Еліміздің экономикасы қуатты, отандық өндіріс өркенді болсын! – деді Нұралхан Оралбайұлы.