ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ТҰМАУДЫҢ АЛДЫН АЛУ ШАРАЛАРЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Түркістан облысында тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және эпидемиялық маусымға дайындық жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы өткен баспасөз жиынында Түркістан облыстық санитариялық-эпидемиялогиялық бақылау департаменті басшының міндетін атқарушы Ақерке Еркінбекова мәлімдеді.
-Медицина саласында тұмау және ЖРВИ аурушаңдығының эпидемиялық маусымы 1 қазаннан басталып, келесі жылдың сәуір айының соңына дейін жалғасады. Атап айтқанда, 15 қыркүйектен бастап медициналық ұйымдарды тұмауға қарсы иммундау науқанын өткізуге дайындау, екпе алатын азаматтардың тізімін жасау және олардың қамтылуына күнделікті мониторинг жүргізу көзделген. 1 қазаннан бастап медицина қызметкерлеріне маска тағу режимін енгізу жоспарланған. 2026 жылы Түркістан облысында жергілікті бюджет есебінен 271 348 дана «Гриппол+» екпесі сатып алынып, облыс тұрғындарының 12,8%-ына егу жоспарланған. Екпе – халықтың осал топтарына тегін жүргізіледі. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, жүктіліктің екінші және үшінші мезгіліндегі әйелдер, диспансерлік есепте тұрған балалар мен ересектер, 6 айдан асқан және жиі ауыратын балалар, ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, мектеп-интернат тәрбиеленушілері, қарттар және мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Өңір тұрғындарын эпидемиялық маусымда жеке профилактика шараларын сақтап, тұмауға қарсы екпеден өтуге шақырамыз, – деді спикер.






