ТҮРКІСТАН: ОТЫРАРДА АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ БАЛЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫН ДАМЫТЫП ОТЫР

Отырар ауданына қарасты М.Шойманов елді мекенінің тұрғыны Азамат Арапбай өз үйінің ауласында балық шаруашылығын дамытып, ауылдық жердегі кәсіпкерліктің жаңа бағытын қалыптастырып отыр. Кәсіпкер осыдан үш жыл бұрын шағын бассейн салып, балық өсіруді қолға алған. Алдымен шабақтан бастаған ол бүгінде жергілікті климатқа бейімделген сазан мен маринка балықтарының санын 4 мыңнан асырған.
Азамат Арапбайдың айтуынша, балық шаруашылығы – үздіксіз күтім мен жауапкершілікті қажет етеді. Әсіресе, балықтарды уақытылы азықтандырып, судың тазалығы мен деңгейін қадағалау маңызды.
– Балық өсіруді үш жыл бұрын бастадым. Бұл кәсіпке күнделікті күтім қажет. Балықтарды уақытылы жемдеп, су деңгейін бақылап отырамын. Қазір бассейндерде 4 мыңнан астам балық бар. Алдағы уақытта өсірілген балықтарды сатылымға шығарып, бос бассейндерге жаңа шабақтар алып, шаруашылықты одан әрі дамытуды жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер.
Алдағы уақытта Азамат Арапбай ауылда отбасылық кәсіпті дамытып, балық шаруашылығын табысты бағыттардың біріне айналдыруды көздеп отыр. Кәсіпкердің бұл бастамасы ауыл тұрғындары арасында кәсіпкерліктің жаңа түрлерін дамытуға мүмкіндік беріп, жергілікті жерде сапалы балық өнімін өндіруге жол ашуда






