ТҮРКІСТАН: САРЫАҒАШТАҒЫ КЕДЕН БЕКЕТІ МЕН ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ ЖҰМЫСЫ ЗЕРДЕЛЕНДІ

Түркістан облысындағы кеден бекеттерінің өткізу қабілетін арттыру және инфрақұрылымын жетілдіру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданына жұмыс сапарымен барды.
Алдымен «Қапланбек» кеден бекетінде болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары кеден бекеттері өңірдің келбетін айқындайтын маңызды нысандар екенін атап өтті. Жауаптыларға кеден бекеті маңындағы санитарлық тазалық жұмыстарын күшейту, инфрақұрылымдық мәселелерді жүйелеу және тиісті жұмыстардың сапалы орындалуын бақылауға алу жөнінде тапсырмалар берді.
Жұмыс сапары барысында Зұлпыхар Сансызбайұлы Сарыағаш көпбейінді аудандық орталық ауруханасына да барды. Мұнда медициналық мекеменің жұмыс барысымен танысып, дәрігерлермен кездесті. Кездесу барысында тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасы, науқастарды емдеу шаралары және денсаулық сақтау саласындағы өзге де өзекті мәселелер талқыланды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз ету – басты міндетіміз. Сарыағаш ауданында медициналық қызметтің сапасы артып, жаңа технологиялар енгізіліп жатқанын көріп отырмыз. Ендігі міндет – осы жұмысты одан әрі күшейту. Жоғары мамандандырылған медициналық көмектің түрлерін көбейтіп, ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарға басымдық беру қажет, – деді ол.
Аурухана басшысы Бекзат Сланов жыл басынан бері атқарылған жұмыстарды баяндап, медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған жобалар мен алдағы жоспарлар жөнінде атап өтті.
Бүгінде ауданда дайын ғимаратты сатып алу арқылы 3 нысанның құрылысы жүргізілуде. Аталған нысандарды биылғы жылдың қазан айында пайдалануға беру көзделген. Сонымен қатар Шеңгелді дәрігерлік амбулаториясы ғимаратына күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда. Ал 2027-2029 жылдар аралығында Сарыағаш ауданындағы 5 елді мекенде жаңа медициналық нысан салу жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, «DAREN MED» ЖШС-мен бірлесіп, аудандық аурухана аумағында жеңіл конструкциялық үлгідегі, аумағы 220 шаршы метр болатын бөлімше салу жөніндегі инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Жобаның жалпы құны – 400 млн теңге.
Айта кетсек, биыл Түркістан облысында 26 медициналық нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр.






