ТҮРКІСТАНДА ҚАЗАҚСТАН ПОЛИЦИЯ КҮНІНЕ ОРАЙ ҮЗДІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР МАРАПАТТАЛДЫ

Түркістан қаласында 23 маусым – Қазақстан полициясы күніне және Қазақстан полициясының құрылғанына 34 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті. «Конгресс холл» кешенінде ұйымдастырылған мерекелік жиын Қазақстан полициясына арналған бейне роликпен басталды.
– Сіздерді Қазақстан полициясы күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қоғам тыныштығы мен ел қауіпсіздігін сақтау – аса жауапты әрі мәртебелі міндет. Тәуелсіздігіміздің тұғыры – тұрақтылық пен тәртіп. «Тәртіп бар жерде – береке бар» дейді халқымыз. Ал сол тәртіпті сақтап, елдің тыныштығын қорғау – сіздердің қызметтік борыштарыңыз. Полиция қызметі – нағыз ерлік пен батылдықтың, адалдық пен темірдей табандылықтың мектебі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдары қызметкерлеріне ерекше сенім артып келеді. Президентіміз «Әрбір тәртіп сақшысының білікті маман, отаншыл азамат болуы өте маңызды» деген болатын. Қиындыққа мойымай, қауіптен қаймықпай қызмет ету – нағыз ер азаматтың ісі. Түркістан облысының тәртіп сақшылары ел сенімін абыроймен ақтап келеді. Өңірде жүйелі жұмыстардың нәтижесінде құқықтық тәртіп нығайып жатыр. «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру бағытында атқарылған шаралардың арқасында облысымызда құқықбұзушылық деңгейі 4,6 пайызға төмендеді. Биыл өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында күн-түн демей қызмет атқарды. Бұл – Сіздердің жоғары кәсібиліктеріңіз бен қажырлы еңбектеріңіздің нәтижесі. Құрметті тәртіп сақшылары! Халықтың сенімі – ең жоғары марапат. Елдің алғысы – ең үлкен құрмет. Тәртіп сақшыларымыз Әділетті Қазақстанды құруға және «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтыруға сүбелі үлес қоса береді деп сенемін. Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс тілеймін! – деді Нұралхан Көшеров.
Мерекелік жиын еліміздің танымал өнер жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен қорытындыланды.






