ТҮРКІСТАНДА 500-ДЕН АСТАМ ОТБАСЫ ҚОНЫС ТОЙЫН ТОЙЛАДЫ

Мемлекеттік рәміздер күні Түркістан облысында жүздеген отбасының көптен күткен арманы орындалды. Түркістан қаласында 512 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, 3 мыңнан астам тұрғын қоныс тойын тойлады. Бұл игі бастама өңірде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға және тұрғын үй мәселесін кезең-кезеңімен шешуге бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесін көрсетті.
Жаңа пәтерлердің кілтін табыстау рәсіміне арнайы қатысқан Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров тұрғындарды қуаныштарымен құттықтап, баспананың әр отбасы үшін маңыздылығына тоқталды.
– Баспана – әр шаңырақтың бақыты мен берекесінің, тұрақтылығы мен тыныштығының негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әл-ауқатын арттыру мен тұрғындарды тұрғын үймен қамтамасыз етуді басты міндеттердің бірі ретінде айқындап келеді. Соның нәтижесінде өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізіліп, мыңдаған азаматтың баспана мәселесі шешімін табуда. Былтыр тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 3564 пәтер берілсе, биыл 2292 пәтер тапсыру жоспарланып отыр. Бүгін тағы 512 отбасының қуанышы еселенді, – деді облыс әкімі.
Түркістан қаласындағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінен пәтер алғандардың қатарында әлеуметтік осал топ өкілдері мен көпбалалы отбасылар бар. Бұл мемлекет тарапынан халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз санаттарына көрсетіліп жатқан қолдаудың нақты көрінісі.
Сондай-ақ Созақ ауданында да тұрғындар үшін қуанышты күн болды. Ауданда 30-ға жуық отбасы жаңа пәтерге ие болып, қоныс тойын атап өтті. Жаңа баспаналар әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтар мен көпбалалы отбасыларға берілді. Салтанатты шараға аудан тұрғындары мен ардагерлер қатысып, жаңа қоныс иелеріне ақжарма тілектерін жеткізді.
Мемлекеттік қолдаудың нәтижесін көрген тұрғындар өз ризашылықтарын білдіріп, көптен күткен баспаналы болу қуанышымен бөлісті.
Өңірде тұрғын үй құрылысы қарқыны бәсеңдеген жоқ. Созақ ауданындағы Жеткіншек елді мекенінде де құрылыс жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Қазіргі таңда пайдалануға дайын 47 пәтердің құжаттандыру рәсімдері жүргізілуде. Сонымен қатар 20 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы қолға алынған. Бұдан бөлек, «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» АҚ еншілес ұйымдарының қолдауымен жаңғырту бағдарламасы аясында 16 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйлер салынуда.
Бүгінде тұрғын үй кезегіне қою және мұқтаж азаматтарды іріктеу жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сәйкес «Отбасы банк» АҚ-ның бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл өз кезегінде ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етіп, тұрғын үйге шын мұқтаж азаматтардың баспаналы болуына мүмкіндік береді.
Тұрғын үйлерді пайдалануға беру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізуде. Біріншіден, құрылыс саласының қарқынды дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашып, жергілікті экономиканың жандануына ықпал етеді. Екіншіден, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсарып, әлеуметтік тұрақтылық нығаяды. Үшіншіден, жаңа тұрғын үй кешендерінің салынуы инфрақұрылымның дамуына серпін беріп, инженерлік желілердің, жолдардың және әлеуметтік нысандардың қатар бой көтеруіне мүмкіндік жасайды.
Соңғы жылдары Түркістан облысында тұрғын үй құрылысы өңірдің дамуындағы басым бағыттардың біріне айналды. Бұл жұмыстар халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, өңірдің инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, елді мекендердің заманауи келбетін қалыптастыруға негіз болуда. Мыңдаған отбасының баспаналы болуы – әлеуметтік саясаттың тиімділігін көрсететін маңызды көрсеткіштердің бірі.






