ТҮРКІСТАН: ОТЫРАР АУДАНЫНДА БІЛІМ, ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ТӘРБИЕ БІРЛІГІ ЖҮЙЕЛІ ДАМУДА

Түркістан облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін кеңінен насихаттау, жас ғалымдар мен зерттеушілерді қолдау, жоғары білім беру жүйесін дамыту және жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми кооперацияны күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастамалар білім мен ғылымның өзара байланысын нығайтып, өңірдің интеллектуалдық әлеуетін арттыруға ықпал етуде.
Ғылыми-зерттеу саласын дамыту арқылы жоғары оқу орындары мен өндіріс орындары арасындағы әріптестік кеңейіп, инновациялық идеялар мен жаңа технологияларды енгізуге мүмкіндік артуда. Сонымен қатар, университеттер арасындағы кооперация тәжірибе алмасуды күшейтіп, бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыруға жол ашып отыр.
Осы кең ауқымды үдерістер Отырар ауданындағы білім беру жүйесімен сабақтасып, өңірде білім, ғылым және тәрбиенің біртұтас дамуын қамтамасыз етуде.
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінің басты мақсаты – адал, жауапты, рухани бай және толерантты азамат тәрбиелеу. Бұл міндет тек пәндік біліммен шектелмей, оқушылардың ішкі мәдениетін, мінез-құлық дағдыларын және қоғамға оң көзқарасын қалыптастыруды талап етеді.
Осы бағытта білім беру ұйымдарында рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру жұмыстары жүйелі жүргізілуде. «Адалдық сағаттары», «Қауіпсіз балалық шақ – ортақ міндет» тақырыптарында сынып сағаттары, дөңгелек үстелдер мен пікірталас алаңдары өткізіліп, оқушыларға әділдік, жауапкершілік, еңбекқорлық сияқты қасиеттер кеңінен түсіндірілуде.
Толеранттылықты дамыту мақсатында этномәдени іс-шаралар мен волонтерлік жобалар ұйымдастырылып, оқушылардың өзара сыйластық мәдениеті нығайтылуда. Ал экстремизм мен құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында құқық қорғау органдарымен бірлескен кездесулер, ақпараттық түсіндіру сабақтары, медиа және цифрлық сауаттылықты арттыру шаралары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мектеп психологтары тәуекел топтарымен жеке жұмыс жүргізіп, ата-аналармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын атқаруда.
Білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүйелі үйлестіру жұмыстары жүргізіліп, зайырлылық қағидаттарын нығайту, құқықбұзушылықтың алдын алу және оқушылардың қауіпсіз ортада білім алуын қамтамасыз ету басты назарда тұр.
Осы мақсатта «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында профилактикалық сабақтар, дөңгелек үстелдер, құқық қорғау органдарымен кездесулер ұйымдастырылып, интернет қауіпсіздігі мен медиа сауаттылық бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар ата-аналармен бірлескен жиналыстар өткізіліп, отбасы мен мектептің өзара байланысының маңызы түсіндірілуде.
Балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында олардың әлеуметтік желідегі белсенділігіне мониторинг жүргізіліп, талдау жұмыстары атқарылуда. Бұл шаралар оқушылардың санасын дұрыс бағыттауға және қауіпсіз білім ортасын қалыптастыруға бағытталған.
«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез» деген Абай тағылымы бүгінгі жас буынның ізденіс рухымен үндесіп отыр. 2024–2025 оқу жылында аудан оқушылары облыстық және республикалық деңгейдегі білім сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетіп, айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді.
Облыстық кезеңде 114 оқушы олимпиада жүлдегері атанып, 36 оқушы түрлі конкурстарда жеңімпаз болды. Республикалық деңгейде 13 оқушы олимпиада жүлдесін иеленіп, 9 оқушы байқаулардан марапатпен оралды. Бұл жетістіктер – ұстаз бен шәкірт еңбегінің, жүйелі дайындықтың нәтижесі.
Ауыл мектептерінен 978 оқушы қатысып, олардың 94-і облыстық кезеңге жолдама алып, 37-сі жүлделі орын иеленді. Республикалық кезеңде 6 оқушы жеңіс тұғырынан көрінді. «IQanat» олимпиадасында да аудан оқушылары жоғары нәтиже көрсетіп, грант иегерлері мен жүлдегерлер шықты.
Бүгінде білім беру ұйымдары арасында бәсекелестік орта қалыптасып, оқу-тәрбие сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша бірқатар мектептер үздік нәтижелерімен алдыңғы қатардан көрінді.
Қасиетті Отырар – әлемге Әбу Насыр әл-Фарабиді сыйлаған киелі мекен. Осы тарихи мұраны негізге ала отырып, «Фараби тағылымы» сияқты ғылыми-әдістемелік жобалар жүзеге асырылуда. Бұл бастамалар оқушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытып, математикалық және ғылыми сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Сонымен қатар «Отырар ауданының географиясы және өлкетану» тақырыбында республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, өңірлік білім беру мазмұнын дамыту, өлкетану компонентін оқу процесіне енгізу мәселелері талқыланды. Бұл ауданның ғылыми-әдістемелік әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, «Ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу – аса жауапты әрі күрделі міндет». Осы тұрғыда Отырар ауданында білім мен тәрбие жүйесі ғылыммен ұштасып, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған кешенді жұмыс жалғасуда.






