ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ИНДУСТРИЯЛЫҚ ӨСІМ ЖОЛЫНДА: ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ШТАБТА ЖАҢА ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен Инвестициялық штабтың кезекті отырысы өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, аудан және қала әкімдері, салалық басқарма басшылары, сондай-ақ шетелдік және отандық инвесторлар қатысты. Күн тәртібінде 2026 жылы іске асырылуы жоспарланған инвестициялық жобалар таныстырылып, өңірлердегі инвестициялық ахуал мен атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Отырысты ашқан облыс әкімі инвестициялық жобалардың өңір экономикасын әртараптандырудағы және тұрақты өсімді қамтамасыз етудегі стратегиялық маңызын атап өтті. Ол әрбір аудан мен қала әкімдігі, сондай-ақ жауапты басқармалар инвестиция тарту жұмыстарын күшейтіп, жобалардың сапалы әрі уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет екенін жеткізді.
Ол сондай-ақ, бүгінгі отырыста барлық мәселелер ашық қаралып, нақты шешімдер қабылданатынын атап өтті.
– Біз әрбір инвестициялық жобаның жүзеге асу барысын тұрақты бақылауда ұстаймыз және туындаған мәселелерді жедел шешуге қолдау көрсетеміз. Бұл жобалар өңір экономикасының негізгі драйверіне айналуы тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
ЖАҢА ӨНДІРІСТІК ЖОБАЛАР ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
Штаб отырысында Түркістан қаласындағы арнайы экономикалық аймақта іске асырылатын бірқатар өндірістік жобалар ұсынылды. Атап айтқанда, ПВХ құбырларына арналған арматура, ленталар, тамшылатып суару жүйелеріне арналған құбырлар және тоқылған су шлангтері өндірісі жоспарлануда.
Сонымен қатар Сауран ауданындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағында ауқымды инвестициялық жобалар қаралды. Олардың қатарында «BOSHIRAN XINJIANG» компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру жобасы, «Lihua Group» ЖШС-нің карбамид тыңайтқыштары мен мақта майын өндіру зауыттары, сондай-ақ «BAKS Innovations Inc. – CAESG Platform» компаниясының биомассаны терең өңдеу және көміртекті байланыстыруға бағытталған инновациялық кешені бар.
Бұдан бөлек, «Yassy Energy» ЖШС трансформаторларға арналған гофрленген қабырғалар, қақпақтар және магнитөткізгіштер өндіретін зауыт салу жобасын таныстырды. Жобаларды жер учаскелерімен қамтамасыз ету және инфрақұрылым тарту мәселелері жан-жақты қаралып, нақты тапсырмалар берілді.
АУДАНДАРДАҒЫ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖҰМЫСТАР
Жиында Сарыағаш ауданы мен Арыс қаласында жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар және 2025 жылы шетелдік инвесторлармен жүргізілген келіссөздердің нәтижелері бойынша есептер тыңдалды. Аудан әкімдері өңірлердегі жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады.
ЭКОНОМИКАЛЫҚ НӘТИЖЕЛЕР ЖӘНЕ ӨСІМ
Жиын қорытындысында облыс әкімі инвесторларға өңірге деген сенімі мен белсенділігі үшін алғыс білдіріп, барлық жобалардың іске асу барысы қатаң бақылауда болатынын атап өтті. Сондай-ақ жауапты органдарға инвесторларға жан-жақты қолдау көрсету тапсырылды.
Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысына 1,7 трлн теңге инвестиция тартылып, өсім 121,6%-ды құрады. Жалпы құны 340 млрд теңгені құрайтын 58 инвестициялық жоба іске қосылып, 8 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Биыл да осы қарқынды сақтау жоспарланып отыр: өңірге 1,7 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Бұл көрсеткішке жалпы құны 369 млрд теңгені құрайтын 67 жобаны жүзеге асыру арқылы қол жеткізілмек. Атқарылған жұмыстар өңірдің макроэкономикалық даму динамикасына тікелей оң әсерін тигізді. Осы жылғы 4 айдың қорытындысы бойынша өңір экономикасының өсімі 125,2%-ды құрап, республикада бірінші орынға шықты.
Сонымен қатар 2026-2029 жылдарға жалпы құны 2,7 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобаның пулы қалыптастырылған. Бұл жобалар нәтижесінде 18 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 100 млрд теңгеге жуық салық түседі деп күтілуде. Алдағы кезеңде жалпы өңірлік өнім көлемін 2,7 есеге арттыру, өзіндік кірістерді 2,3 есеге ұлғайту жоспарланған.
Түркістан облысында атқарылып жатқан инвестициялық саясаттың басты мақсаты – бәсекеге қабілетті, өндірісі дамыған, инвестиция тартуға қолайлы және халықтың әл-ауқаты тұрақты өсетін қуатты өңір қалыптастыру.






