БИЫЛ ТҮРКІСТАНДА 570 ОРЫНДЫҚ ЗАМАНАУИ АУРУХАНАНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛАДЫ

0
53

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров түркиялық «YDA Holding» компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арсланмен кездесу өткізді. Кездесуде өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың іске асу барысы, оның ішінде 570 орындық көпбейінді заманауи аурухананың құрылысы және екіжақты серіктестікті одан әрі кеңейту мәселелері талқыланды.

Өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын атап өтіп, шетелдік серіктестермен бірлескен жобалардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей ықпал етіп отырғанын жеткізді.

– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер. Жуырда Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өтті. Бұл Түркістанның халықаралық беделін одан әрі арттырды. Түркістан – түркі әлемін тоғыстыратын рухани және стратегиялық орталыққа айналып келеді. Бұған дейін «YDA Holding» компаниясы халықаралық әуежай құрылысын сәтті жүзеге асырып, өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін күшейтуге үлес қосты. Бүгінде бірлесіп 570 орындық көпбейінді аурухана құрылысын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және инфрақұрылым салаларында да инвестициялық жобаларды кеңейтуді ұсынамыз, – деді Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі өңірде инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалғанын, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар арқылы жаңа жобаларды қолдау тетіктері жүйелі түрде іске асырылып жатқанын атап өтті. Бұл бастамалар Түркістан облысының жалпы әлеуметтік-экономикалық дамуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және халықтың өмір сүру сапасының артуына ықпал етуде.

Өз кезегінде «YDA Holding» компаниясының басқарма төрағасы Хусейн Арслан Түркістанның қарқынды дамуын жоғары бағалап, өңірмен серіктестікті одан әрі жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

– Сіздерді халықаралық саммитті жоғары деңгейде өткізгендеріңізбен құттықтаймын. Түркістан өз тарихи миссиясын атқарып жатыр. Мен Түркістанның ескі кезін де, қазіргі жаңа кейпін де көргенмін. Шаһардың дамуы ерекше қуантады. Инвестициялық жобаларды талқылауға дайынбыз.  Түркістан қаласындағы 570 орындық аурухананы биыл аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұл – жоғары стандарттарға сай медициналық орталық болады, – деді ол.

Түркістандағы көпбейінді аурухана құрылысы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2020 жылы басталған. Жобаның жалпы аумағы 15,6 гектарды құрайды. Бүгінде құрылыс жұмыстары 86 пайызға аяқталған. Жоба толық іске қосылған жағдайда өңірдің денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға және медициналық қызмет сапасын арттыруға елеулі үлес қосады.

Жалпы Түркістан облысында инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және әлеуметтік маңызы бар нысандар салу бағытындағы жүйелі жұмыстар өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз етіп, оның ел ішіндегі стратегиялық маңызын күшейтіп отыр.

Айта кету керек, Түркістан облысында соңғы жылдары әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны тұрақты өсім көрсетіп келеді. Өңірде инвестиция тарту, өнеркәсіптік өндірісті ұлғайту, инфрақұрылымды жаңғырту және әлеуметтік нысандар салу бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

Облыста арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар арқылы жаңа өндіріс орындарын ашуға қолайлы жағдай жасалып, өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағыттары қарқынды дамуда. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының құрылуына және халықтың табысын арттыруға ықпал етуде.

Сонымен қатар денсаулық сақтау, білім беру, көлік-логистика және туризм салаларында да ірі жобалар іске асырылып, өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жаңғыртылуда. Мұндай кешенді шаралар Түркістан облысының экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған.

Жалпы өңірде жүргізіліп жатқан жүйелі жұмыстар Түркістанды инвестицияға тартымды, өндірісі дамыған және әлеуметтік тұрақтылығы жоғары аймақ ретінде қалыптастыруға негіз болып отыр.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу