ТҮРКИЯДА ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ АТЫНДАҒЫ МЕКТЕП АШЫЛДЫ

0
39

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған бейнебайланыс режимі арқылы Түркияда бой көтерген Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектептің ашылу салтанатына қатысты.

Заманауи білім ордасы Түркияның Газиантеп провинциясына қарасты Нурдагы қаласында орналасқан. Жаңа мектепте 32 бастауыш сынып пен 4 мектепке дейінгі даярлық сыныбы қарастырылған. Ғимараттың жалпы аумағы 6 мың шаршы метрді құрайды.

Білім беру кешені заманауи талаптарға сай жабдықталған. Мұнда арнайы оқу кабинеттері, зертханалар, мәжіліс залы, кітапхана және оқушылардың жан-жақты дамуына арналған қажетті инфрақұрылым қарастырылған.

Сонымен қатар мектеп аумағында амфитеатр, спорт және балалар ойын алаңдары, қазақтың ұлттық киіз үйі үлгісінде жасалған шатырлар орналасқан.

Жоба құрылысы барысында Түркияның қауіпсіздік талаптары мен заманауи құрылыс нормалары толық ескерілген. Өңірдің табиғи ерекшеліктеріне бейімделген инженерлік шешімдер қолданылып, сейсмикалық қауіпсіздік, ылғалдан қорғау және энергия үнемдеу жүйелері енгізілген.

Айта кетейік, 2023 жылғы 6 ақпанда Түркияда болған жойқын жер сілкінісінен кейін зардап шеккен өңірге жаңа мектеп салу бастамасын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген болатын.

Бұл жоба – Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен бауырластық қатынастың, сондай-ақ білім мен рухани байланыстың жарқын көрінісі.

Сонымен қатар Түркістан өңірінде ғылым мен білім саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Атап айтқанда, ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін халық арасында насихаттау, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау, жоғары білім беру сапасын арттыру және өңірлік жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми кооперацияны дамыту бойынша кешенді жобалар жүзеге асырылып келеді.

Әлеуметтік желіде бөлісу

Пікір жазу