ТҮРКІСТАНДА №28 МЕКТЕП-ЛИЦЕЙІНІҢ 5 ЖЫЛДЫҚ МЕРЕЙТОЙЫ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ АТАЛЫП ӨТІЛІП, ДИМАШ АТЫНАН КАБИНЕТ АШЫЛДЫ

Түркістан қаласындағы №28 мектеп-лицейінде білім мен тәрбие сапасын ұштастырған мазмұнды іс-шара ұйымдастырылып, білім ордасының 5 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде атап өтілді. Салтанатты жиынға білім саласының өкілдері, зиялы қауым, ата-аналар қатысып, мектеп ұжымының жетістіктеріне жоғары баға берді.
Түркістан – облыс орталығы ретінде қарқынды дамып, жаңа шағынаудандар бой көтеріп, тұрғын үйлер саны артуда. Соған сәйкес сапалы білімге деген сұраныс та өсіп келеді. Осындай қажеттілік негізінде ашылған №28 мектеп-лицейі қысқа уақыт ішінде өңірдегі беделді білім ордаларының біріне айналды.
Салтанатты жиында Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев пен Түркістан облысы білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов мектеп ұжымын 5 жылдық мерейтойымен құттықтап, білім сапасын арттыру жолындағы еңбектеріне табыс тіледі.
– Мектептің 5 жылдық мерейтойы – үлкен жетістік. Қысқа уақыт ішінде ұжым сапалы білім мен саналы тәрбиені үйлестіріп, айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Бұл – ұстаздардың еңбегі мен оқушылардың талпынысының жемісі. Алдағы уақытта да білім ордасы биік белестерді бағындыра берсін, – деді Ғалымжан Қалдыкөзұлы.
Іс-шара аясында ерекше мәнге ие тағы бір маңызды оқиға – әлемге танымал әнші, Қазақстанның мақтанышы Димаш Құдайбергеннің есімі берілген арнайы кабинеттің ашылуы болды. Ашылу рәсіміне өнер иесінің ата-анасы арнайы қатысып, мектеп ұжымына ризашылықтарын білдірді. Бұл бастама оқушыларды өнер мен білімге қатар ұмтылуға ынталандыратын маңызды қадам ретінде бағаланды.
Сонымен қатар шара барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында арнайы рәсімдер өткізіліп, қонақтар бүлдіршіндердің тұсауын кесті.
Бүгінде мектеп оқушылары халықаралық және республикалық білім додаларында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, өңірдің абыройын асқақтатуда. Бұл – оқу ордасында қалыптасқан сапалы білім мен жүйелі тәрбиенің нақты нәтижесі.
Айта кетейік, Түркістан облысында ғылымды танымал ету, отандық ғалымдардың ғылыми жетістіктерін кеңінен насихаттау, жас ғалымдар мен зерттеушілерді мемлекеттік қолдау, жоғары білім беру сапасын арттыру, өңірлік жоғары оқу орындарын дамыту және ғылым саласында жоғары оқу орындары арасындағы кооперацияны күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүзеге асырылып келеді.






