ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ НҰРАЛХАН КӨШЕРОВ ТАЛАНТТЫ ТЕННИСШІ ЗАҢҒАР НҰРЛАНҰЛЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров талантты жас теннисші, 18 жасқа дейінгі спортшылар арасында әлемнің 9-шы ракеткасы, Аустралия және АҚШ-тың ашық чемпионаттарының жасөспірімдер арасындағы жартылай финалисі, халықаралық турнирлердің жеңімпазы Заңғар Нұрланұлын қабылдады. Кездесуде облыс әкімі жас спортшының жетістіктерін жоғары бағалап, жылы лебізін білдірді.
– Аустралия, АҚШ және өзге де елдердегі сайыстардағы жетістіктеріңізге қуанып отырамыз. Түркістан жұртшылығы ғана емес, бүкіл қазақ елі өзіңізді мақтан тұтады. Біз талантты бауырымызды қолдауға әрқашан дайынбыз. Алдағы сайыстарға сәттілік тілеймін. Үлкен дулыға турнирлерінде топ жарып, Надаль, Федерер сынды жұлдызға айналуыңызға тілектеспіз. Түркістан – тарихи әрі қасиетті өңір. Дүние жүзінде екінші Түркістан жоқ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауымен Түркістанды дамытуға айрықша көңіл бөлінуде. Инфрақұрылым дамып, ғимараттар, спорт нысандары салынды. Осы спорт кешендерінен өздеріңіздей мықты спортшылар шығады деген ойдамыз, – деген Нұралхан Көшеров спортшы мен оның әкесі әрі менеджері Нұрлан Момбековке құрмет көрсетті.
– Мақсатым – еліміздің атын шығарып, Туымызды желбірету. Шетелде жүріп, сіздердің, жанкүйерлеріміздің қолдауын сезініп жүрмін. Алғысымды білдіремін, – деген Заңғар облыс әкіміне өзінің қолтаңбасы қойылған теннис ракеткасын тарту етті.
Айта кетейік, Заңғар Нұрланұлы – жасөспірімдер арасында әлемдегі үздік 10 теннисші қатарына енген тұңғыш қазақ спортшысы. Халықаралық турнирлердің жеңімпазы әрі жүлдегері.






