ТҮРКІСТАНДАҒЫ ЗАМАНАУИ АТШАБАРДА ЖАМБЫ АТУДАН ОБЛЫСТЫҢ АШЫҚ КУБОГЫ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы жаңа атшабарда 19-21 наурыз күндері аралығында жамбы атудан ересектер арасында Наурыз мейрамына арналған Түркістан облысының ашық кубогы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлттық спортты дәріптеуге бағытталған байрақты бәсеке өңірдің үздік мергендерін бір алаңға жинады.
Жарыс қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды.
Айта кетейік, жаңа атшабардың ресми түрде ашылу салтанаты өтіп, оған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысты. Халықаралық атшабар кешенінің жалпы аумағы – 99,5 гектар. 1500 орындық, үш қабатты трибунасы бар заманауи ғимарат, конкурға арналған жабық манеж, аттарға арналған 4 жабық және 2 жаздық қора, көліктерге арналған гараж, қойма, сондай-ақ ветеринариялық блок пен зертхана қарастырылған. Ұзындығы 2640 метр болатын бәйге жолы мен көкпар алаңы халықаралық талаптарға сай салынған. Көкпар алаңында тікелей көрсетілім жүргізетін LED экран орнатылған.






